Экстраверт пен Интроверт. Олар кімдер?

Экстраверт пен Интроверт. Олар кімдер?

Жер бетінде қанша адам болса, сонша мінез бар. Әркімнің әдепкі әдеттері әртүрлі. Алдыңғы жазбада адамның оптимистік және пессимистік көзқарастарын талқыға салған едік. Бүгінгі әңгімеміз де болмыс мәселесін төңіректейді. Бүгін экстраверт және интроверт адамдарға шағын зерттеу жүргіземіз. Бұл терминдерді Швейцария психологі Карл Густав Юнг қолданысқа енгізген еді. 

Экстраверт:

  • адамдармен тез араласуға бейім тұратын;
  • публика алдында сөз сөйлегеннен қысылмайтын;
  • кез келген әрекетін сыртқы ортамен бөлісетін адам.

Интроверт:

  • жалғыздықты сүйетін;
  • өз-өзімен сөйлескенді ұнататын;
  • ішкі әлемінде өмір сүретін жан.

Адам бір іспен шұғылданғанда, тіпті сөйлегенде күш жұмсайды. Әдетте адам энергияны тыныс алу, тамақтану және ұйықтау арқылы алады. Ұйқымыз қанғанда, жаңа күш пайда болғандай әсерде болатынымыз сондықтан. Психологтардың айтуынша, экстраверт адамдар үшін бұл энергия жеткілікті көрінбейді. Сондықтан, олар энергияны қарым-қатынас арқылы басқа адамдардан алады. Экстравертердің үнемі жұрттың назарында болғысы келетіні осы себептен болса керек. Экстравертер алға ұмтылғыш, ашық-жарқын болып келеді. Араласатын адамдары да айтарлықтай көп болады. Себебі, ол кез келген ортаны баурап, адамдардың есінде қала алады. Дегенмен, бұл жүз достың бәрі сенімді деген сөз емес...

Ал интровертер керісінше. Олар көпшілік ортада ұзақ қалғысы келмейді, үнемі жалғыздықты жаны қалап тұрады. Адамдармен араласып-құраласып кету олар үшін оңай емес. Интровертер сезімдерін сыртқа шығара бермейтін салмақты, жабық, тұйық адамдар. Бұл эгоистік емес. Олар үшін қоршаған ортадан өз ішкі әлемі маңызды. Оның бір немесе екі досы болуы мүмкін. Көбіне олардың осы бір не екі досымен өмір-бойы сырласып өтуі ғажап емес. Психологтар сондай-ақ, шығармашылықпен айналысатын адамдардың көбі интроверт болып келеді дейді. 

Экстравертер қиындыққа душар болғанда, ештеңені ішіне ұстамай, айрықша эмоциямен сыртқа шығарып тастайды. Бұл қоршаған ортаның оған деген көзқарасын өзгертуі мүмкін.  Ал интровертер бәрін ішінде сақтайды. Соның кесірінен тығырықтан шығатын жол таба алмай, күйзеліске түсіп кетуі ғажап емес.

Өзіңізді танып отырсыз ба? "Таяқтың екі ұшы болатыны" сияқты бұл екі түрдің де өзіндік ерекшеліктері бар. Осы орайда біз экстраверке мынадай кеңес береміз. "Сіз көбіне мәселені бет жағынан қарап, тереңірек үңіле бермейсіз. Сіз үшін дәл қазіргі оқиға бәрінен маңызды. Дегенмен, мәселені жан-жақты ойланып барып, шешім қабылдағаныңыз дұрыс". Ал интроверке: "Жаңалық іздеуден қашпаңыз. Жаңа таныстыққа қол сілтемей, адамдармен араласуға ұмтылыңыз" демекпіз.

Адам жаратылысынан не экстраверт, не интроверт болады. Бірақ, қоршаған орта қажеттіліктеріне қарай, экстравертердің интровертке, интровертердің экстравертке айналуы әбден мүмкін. 

сурет: materinstvo.ru, agurblogg.blogspot.com

Р. Роза