- Негізгі бет
- Психология
- Мақтаншақтықтың қандай пайдасы...
Мақтаншақтықтың қандай пайдасы бар?
Кішкентай кезімізден бәрімізді мақтану жаман әдет деп тәрбиеледі, адамдар сенің жетістігіңді өздері көргені жөн деп үйретті. Алайда, мақтануда тұрған не тұр деген сұраққа ешбір ата-ана мардымды жауап бере алмайды. Ал, өзіңіз жетістіктеріңізді айтып шықсаңыз, сізді өзімшіл мақтаншақ деп санайды, бірақ бұл соншалықты маңызды ма? Бәлкім, дұрыс мақтанудың зиянынан гөрі пайдасы көп шығар?
Мақтаншақтықтың қандай пайдасы бар?
Бір қарағанда мақтаншақтар – өзімшіл адамдар сияқты көрінеді. Біз олардың мақтаншақтығын сөгеміз, мінез-құлқына сын айтамыз. Бірақ тереңірек үңілсек, олардың іс-әрекетінде тиімді астар жатқанын аңғаруға болады. Және, бәлкім, өз табысы пен сәттілігі жайлы ұялмай айта алатын адамдардан үйренеріміз де көп шығар?
1. Мақтану арқылы өз-өзіңді танытуға болады
Егер айналамыздағы адамдардың тек қошаметіне бөленіп жүрсек, біздің өз-өзімізді бағалауымыз арта түседі. Ал егер біздің жақсы екенімізді ешкім көрмей жүрген болса және жетістіктеріміз үшін ешкім мақтау сөздер айтпайса, естеріне салуға тура келеді. Алайда, бұл амалдың өзіндік кемшілігі бар: егер туыстар, достар мен әріптестерден мақтау сөз естіп қана бақытқа кенеліп жүрген болсаңыз, онда өзіңізді бағалауыңыз жайлы ойлану керек.
2. Мақтаншақтық қорқынышты жеңуге мүмкіндік береді және елес тудыруға...
Елестетіңізші: 40 жастағы әйел, бірақ жеке өмірінде тыныштық – не күйеуі, не баласы жоқ. Белгілі себептермен ол қалған күнін жалғыздықта өткіземін бе деп уайымдай бастайды. Оған қоса әріптестерінің мүсіркегіш көзқарастары... Ол экзотикалық елдерге жасаған саяхаты, мансаптағы табыстары мен жаңа көлігі жайлы мақтанбағанда не істейді? Мұндай мақтаншақтық біраз уақытқа қорқынышың жайлы ұмытуға және бақытты өмір жайлы елес тудыруға мүмкіндік береді. Алайда, әрине, бұл шынайы мәселелерді шешпейді.
3. Мақтаншақтық өз жетістігімізді бағалауға үйретеді
Егер бастығыңыздың мақтау сөзіне: «Жай, жолым болып кетті» деп жауап беріп үйренсеңіз, бір күні жетістігіңізді мүлде елемейтініне дайын болыңыз. Әріптестеріңіз де көнгіштік мінезіңізді байқап, сізді жиі пайдаланатын болады. Бірақ бір рет: «Мен бұл жобамды ұзақ уақыт жасадым және нәтижесі жақсы болып шықты» десеңіз, айналадағы адамдар сізге басқаша қарайтын болады. Және сіз де өз жетістігіңіздің кездейсоқ дүние емес, еңбегіңіздің жемісі екенін түсінесіз.
Қалай мақтану құпталмайды?
Өз жетістіктеріңіз жайлы айту пайдалы болғанымен, мақтаншақтықпен абай болу керек. Ол үшін бірнеше ережені ұстаныңыз:
1. Өзгелерді кемсітпеңіз. Әріптесіңізге жаңа көлік алғаныңыз жайлы қуана әңгімелеу бір бөлек те, ал соңында: «Сенің «Вазыңнан» жақсы» деп қосу, бір бөлек. Әрине, өз артықшылығыңызды сезінетініңіз белгілі, бірақ бұл дос-таныстармен қарым-қатынасты құртуға тұра ма?
2. Мүләйімсімеңіз. Көз тиіп кетеді деген қорқынышпен Мальдив аралдарында өткізген демалысыңыз жайлы күмілжи әңгімелеу өзгелерде жағымсыз көзқарас тудыруы мүмкін. Тамаша демалғаныңыз жайлы жасырмай айтудың орнына «Қонақ үй онша емес болды, суы суық екен» деп мүләйімсу кімге де болса жақпайды.
3. Жығылғанға жұдырық болмаңыз. Құрбыңызды жақында жігіті тастап кеткенін біле тұра, жігітіңіздің сізге тамаша тосын сый жасағаны жайлы әңгімелеуден бас тартыңыз. Әрине, жақын адамыңызға өміріңіздегі ең романтикалық кеш жайлы айтқыңыз келетіні түсінікті, алайда бұдан оған екі есе ауыр болады.
4. Қайталай бермеңіз. Жетістігіңізге лайықты баға беруі үшін бір адамға бір рет айту жеткілікті. Бірақ әр ыңғайлы сәтте өткен табысты жобаңыз жайлы естеріне салып отырудың қажеті жоқ. Әріптестеріңізде сіз жайлы теріс пікір қалыптасуы мүмкін.
5. Асырып айтпаңыз. Былайша айтқанда, егер жігітіңіз сізге 33 раушан гүлін сыйласа, оны бірнеше есеге көбейтіп айтпаңыз. Ал егер бастығыңыз өтіп бара жатып презентацияңызды мақтап кетсе, әріптестеріңізге бастық жарты сағат бойы мадақ сөздер айтты деп өтірік айтпаңыз. Мұндай асыра әңгімелеу күлкілі көрінеді және баланың ісі сияқты.
Сурет: evgenykarnaukhov.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина