Ғашықтардың "Селам" атты дәстүрін білесіз бе?

Ғашықтардың "Селам" атты дәстүрін білесіз бе?

Көп жағдайда адамдар қарым-қатынасқа сөздің көмегімен түседі. Алайда бұдан өзге түсінісуге көмектесетін, әдемі де романтикалық тіл – гүлдердің тілі. Сыйға берілген гүл тек сүйіспеншілік пен қамқорлықты білдірмей, бұдан өзге де мәлімет береді екен. Сондықтан кезекті жазбамызды осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

Абай атамыз айтқан ғашықтардың тілсіз тіліне айналған нәзік дәстүр Шығыста ертеден белгілі болғанымен, Еуропа елдеріне XVIII ғасырда таныла бастаған. Ол дәстүр – «Селам» деп аталған. Аталған дәстүрге сәйкес раушан гүлінің сабағы – «ия», жапырақшасы – «жоқ», інжугүл – «мен сені ұзақ әрі жасырын сүйіп келемін», жұлдызгүл – «мәңгілік сүйіп өтесің бе?», айылқияқ гүл - «мен біздің достығымызды құрметтеймін», ал ботакөз -«мені ұмытпа!», итмұрын - «саған сенім артуыма бола ма?», қазтамақ - «сенімен жасырын кездесуге бола ма?» деген мағынаны білдіреді екен.

Гүлдер тілінде қалампыр «сен сұлусың!» сынды қошеметті білдіретіндіктен, жігіттер ұнатқан қызына жиі сыйлайтын болған. Ал егер жайы жараспаса, «маған ұнамайсың» немесе «түкке икемің жоқ» деген мағынаны білдіретін сәлдегүл, көкнәр сыйлайтын болған. Көктікен де өз кезегінде «біз секілді қарапайым бол» десе, әсел гүлі «барлық жақсылықты тілеймін!» дегенді меңзейді.


Ең қызығы гүлдің түсі сыйлаушысы туралы да біраз мәлімет береді. Қызғылт, отқа жақын түсті гүлдерді өмірде қуанып жүретін, ашық жарқын, тазалықты сүйетін жігіттер сыйлайды. Ережеге сәйкес, мұндай гүл шоғының астарында нар тәуекелге бел буу жатыр. Өкінішке орай, бұл жігіттер махаббат мәселесінде өте тұрақсыз келеді, әрі ойына алғанын жиі өзгертіп тұрады.

Көгілдір түсті гүлді болашаққа деген алып жоспары мен арманы бар, мақсатына жету үшін адал еңбек етуге дайын жігіттер таңдайды. Олар, әдетте, армандағыш, қиялы ұшқыр, жүрек сырын көп адамға аша бермейді.

Ал мақсатына жетпей тынбайтын, іскер жігіттер қызыл гүл сыйлайды. Өз міндетін толық орындайды, әрі сүйіктісіне қояр талабы да зор. Ойға алғанын жүзеге асыруда еш қиналмайды, әрі қыз баласының жүрегін жаулауда алдына жан салмайды.  

Ал енді гүлдердің тілін білген соң сүйіктіңізге қандай гүл сыйлайсыз? 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет:вк желісінен 

Қ. Бүйенбай