Студент ақшасын қалай үнемдейді?

Студент ақшасын қалай үнемдейді?

Бүгіндері үлкендер «Ең бай адам – студент» деп қалжыңдайды. Дегенмен олар шәкіртақысы мен жалақысын қатар алса да, тапқан тиын-тебенін жеткізе алмай әлек болады. Туған-туысқандарының үйіне қонақ болып барған кезде алатын ақшасы тағы бар. Сонда бар ақшасы қайда кетеді екен? Дұрысында қайда кеткені жөн екенін бірге анықтайық.

Ал анықтау сіз бен біз ойлағандай қиын емес. Бар болғаны бір рет есеп жүргізу керек. Қолыңызға қағаз бен қалам алып қай жерден қанша ақша алатыныңызды жазыңыз. Одан кейін міндетті түрде жұмсалуы тиіс ақшаны тізімдеңіз. Мысалы, интернетке, телефонға, түскі асқа, жолға. Енді тапқан табысыңыздан жұмсайтын ақшаңызды алыңыз да оны қалауыңызша жұмсаңыз. Бірақ күнделікті тәтті тағамға жұмсағаннан, бауырларыңыз бен өзіңіздің киіміңізге немесе ата-анаңызға арнап жолдама алып беруге жинағаныңыз дұрыс емес пе?

- Кез келген жұмсаған ақшаңызды, тіпті, сағызға дейін жазып отырыңыз. Тиыннан теңге құралады.

-Өзіңізбен бірге артық ақша алмаңыз. Қу менеджерлер баяғыда-ақ дүкендерін тәтті иіс пен көздің жауын алатын заттарға толтырып қойған. Қысқасы, ақшаны өте үнемдеп ұстайтын адамның өзі жіби түсетіндей жағдай жасаған.

- Акция, купон сындыларға сене бермеңіз. Дұрысы бағасы нақты жазылып тұрған дүниені ғана алыңыз. Әдетте, сауда орталықтарында ең алдымен бағаны көтеріп, артынша өз бағасын қояды. Нәтижесінде ешқандай айырмашылық жоқ.

- Киім сатып алған кезде оны немен үйлестіріп киетіндігіңізді ойлаңыз. Әйтпесе алған киіміңіз сөреде босқа жататын болады. Мұнымен қатар, гардеробыңыздағы заттардың бір-бірімен үйлесуін қадағалаңыз.

- Кез келген киімді киіп көріп алыңыз. Маникенде барлығы әдемі көрінеді.

- Саудагерлерге шындықты айтудан қысылмаңыз. Әдетте барахолкаға немесе көк базарға барған кезде саудагерлердің көңіліне қарап сатып алатын жағдай жиі кездеседі.

- Ең жақын адамыңызға не нәрсеге ақша жинап жүргендігіңіз туралы айтыңыз. Майда дүниеге ақша жұмсайтын кезде ол адамды ойға алып, ұялатын боласыз.

Ақша жинау

Әрине, ауылда маңдай терін төгіп бізді оқыту үшін жыл сайын малын сататын әке-шешемізден, достарымыздан ақша сұрау немесе несие алу өте оңай. Алайда, өзіңізді қамтамасыз ете білу ерекше бақытқа бөлейді.

Ең алдымен, не нәрсеге ақша жинайтындығыңызды анықтап алыңыз. Бұл мақсатыңыз бен мотивацияңызға айналады. Мұнымен қатар, арманыңыздан бас тартып, қасықтап жинағаныңызды шөміштеп шашу қаупі бар. Сол себепті алдыңызға қойған мақсатыңызды қағаз бетіне түсіріп, тоңазытқыштың сыртына жабыстырып қойыңыз.

Ақшаның қайдан келетінін анықтадыңыз ба? Ал ауылдан келген әжеңіздің сыйға берген ақшасы ше? Дәл осындай кездейсоқ ақшаларды да жинап отыруды ұмытпаңыз.

Десе де

Әрине, әр күнімізді жоспарлап отырғанымыз жақсы. Алайда келер күннің не сыйлайтынын кім білсін?! Жоспарлап қойған едім деп қызықтан бас тартқаныңыз қаншалықты дұрыс? Сондықтан ойға алғанымыздан аз уақытқа болса да бас тартуға болатын жағдайлардың болатындығын ескеріңіз. Фильмдердегі жұмысбасты ата-ананың баласына телефон шалуға да уақыты болмайтынын еске түсіріңізші. Ал дәл осы уақытта балалар әке-шешем мені жақсы көрмейді деп қайғырумен болады. Сіз кімді жақтайсыз?

Ойда жоқ жерден киноға барудан, сүйіктіңізбен кездесуден, достарыңызбен жолығудан немесе кітап оқудан бас тартпаңыз. Қарапайым дүниелерге қуанып, өзгелерге де бақыт сылай біліңіз. Кездейсоқ шешім қабылдаудан қорықпаңыз. Әдетте, жоспарламай барған отырыс көңілді өтеді. Ең бастысы ақылмен шешіңіз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rudaki.ru 

Қ. Бүйенбай