- Негізгі бет
- Психология
- Жалғыздық: жігітсіз жүрудің...
Жалғыздық: жігітсіз жүрудің пайдасы
Қоғамда жігітсіз жүрсең, сен міндетті түрде жалғызсың, бақытсызсың және тіпті бір толыққанды адам емессің дегендей пікір қалыптасқан. Ал біз жігітсіз жүру – күйзеліске түсіп, уайымдауға себеп емес, керісінше, әзірге еркін өмірден ләззат алатын уақыт екенін жақсы білеміз!
«Менің жігітім жоқ, көптен бері ешкімге ғашық болмаппын... Менің бойымда бірдеңе дұрыс емес пе?»
Сенде бәрі дұрыс деген ойдамыз. Әр адамның өмірінде «қарым-қатынаста болатын» және «басы бос болатын» кезеңдер алмасып отырады. Бәлкім, сенің соңғы қоштасуың жаныңа батқаны соншалық, әлі жаңа қарым-қатынасқа дайын емессің, не өткен махаббатыңды ұмыта алмай жүрсің. Немесе тіл табыса алатын, ғашық болуға лайық жігітті әлі кездестірмедің. Қорқатын ештеңе жоқ, әлі-ақ кездестіресің! Сезімсіз қарым-қатынас құра алмасаң – біз сені тек қолдаймыз. Кейбір қыздар бір қарым-қатынас аяқтала салысымен, басқасына көшіп кетеді – олар «екінші жартысыз» өмір сүре алмайтын сыңайлы және жалғыз болудан өздерін ыңғайсыз сезінеді. Ал адам әу баста «жарты емес», жеке «толыққанды» адам болып туылады. Және жалғыздық кезеңінде сезімдерді саралап, ішкі қарсылықтарды шешіп, өзіңді, айналаңды өзгертуге талпыну қажет.
Уақытың көп
Байқасаң, құрбыларыңның біреуінде жігіт пайда бола салысымен, оның әркімге, әр нәрсеге уақыты болмай кетеді. Сен лезде екінші дәрежелі достар қатарына еніп кетесің және құрбыңмен бұрынғы отырыстар мен сағаттап әңгімелесулерді ұмытасың. Енді «Киноға барайық» деген ұсынысыңа «Біз Берікпен бірге ол киноны көріп қойғанбыз! Кафеге де бара алмаймын – Берікпен бір жерге барамыз... Ертең де. Бүрсігүні де. Және әрқашан. Сау бол!» деген жауап аласың. Кейбірінің өмірінен сабақ та, жұмыс та, барлық қызығушылық та кетеді – барлығын жігіт басып алады, олардың үлкен махаббаты, бүгінгісі мен болашағы. Махаббат – бұл, әрине, керемет сезім. Бірақ махаббатты өмірдің жағымды бір бөлшегі етіп, қанық, толыққанды және жарқын өмір сүруге де болады ғой. Өкінішке орай, жеке өмір мен басқаны үйлестіре алатындар кемде-кем. Ал сенің бұл тұрғыда жолың болды: сенің оларға қарағанда өз-өзіңді дамытуға, әлемді құтқаруға және жаңа кездесулерге уақытың жеткілікті.
Таңдау еркі
Жалғыз болғанда Джейсон Стэтхем түскен фильмдерді міндетті түрде жақсы көріп, футбол – қызықты ойындардың бірі деп өз-өзіңді сендірмейсің. Оның достарының арасында қызықсыз тақырыптарды өрбітіп, өтірік жымиюдың да қажеті жоқ. Кинотеатрға: өзің қалаған жылаңқы фильмге бара аласың, теледидардан хоккейді емес, мәнерлеп сырғанауды көре аласың, сүйікті құрбыларыңмен дискотекаларда секіріп билей аласың, жалпы «сендер» қалағанға емес, өзің қалаған дүниемен айналыса аласың.
Ұсақ-түйекке бола уайымдауға себеп аз
«Қоңырау шалғанымды көріп тұрып, неге қайта хабарласпады екен?», «Оны бір көргеннен ғашық болғанымды айтқаныма ол не ойлап қалды екен?», «Бүгінгі күнді ұмытып кетті! Үш ай бұрын дәл осы күні кездескен едік қой!» және «Ол сондай сымбатты, ал оның көзқарасы сондай керемет...» – деген сынды сандырақтар әрдайым ойыңнан кетпейтін болмайды және маңызды мәселелерде жинақталуға кедергі келтірмейді. Сабақта онымен болашағыңды армандап отырудың орнына, мұғалімді мұқият тыңдайсың және жақсы көрсеткіштер көрсетесің. Ал түндерде оның кездесуде салқынқанды болғанын ойлап, қайғырып жылап жатудың орнына тәтті түстер көресің.
Ешкімнің идеалына сай болуға ұмтылмайсың
Әр адам сүйіктісін әрқалай елестетеді. Бәлкім, жігітің де қиялындағы мінсіз ару жайлы саған бір-екі рет айтып қалған шығар? Және кейін сол мінсіз аруға еліктеп, оған әрдайым жағу үшін істемегенді істеп, қаламағаныңды жасап әуреленуге тура келеді. Оның мінсіз аруы анасының мәзірімен дайындалатын бәлішті пісіре алатын болуы керек, өзі сияқты экстремал болуы мүмкін. Ал сен оның қиялындағы аруды өмірге әкелу үшін тауға шығып, өз өміріңді құрбан етуге дайын емессің. Сондықтан басың бос кезде «Ол сондай аруды кездестіріп, мені тастап кетсе не болады?» деп қапаланбайсың.
Жалғасы бар...
Сурет: qamshy.kz, ganesh-studio.com, photo.99px.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина