- Негізгі бет
- Психология
- Мінез - адамның...
Мінез - адамның болмысы
Бірінші оқиға
Бәрі де күйеуінің сол шәлкем-шалыс мінезінен басталды. Ол барлығына, тіпті көлік тізгінінде отырғанда жаяу жүргіншілер жолынан өткен адамдарға да ашу шақырып, балағаттап отыратын. Оның ашу шақырмайтын жері жоқ десе де болатын еді. Ақыры олардың балалары дүниеге келді. Әйелі күйеуіне: «Мен балаларымның әкесінің мұндай болғанын, әкесінің оларға мұндай тәрбие бергенін қаламаймын», - деді. Ерлі-зайыптылар қатты ұрысты. Ақыры ажырасып тынды. Күйеуі қатты өкінді. Өзінің мінезінің осыншама қасіретке душар ететінін мүлде ойламап еді. Ол психологқа барды. Емделді, бірақ, біраз уақыт өткен соң тағы бұрынғы әдетіне басты...
«Адамның мінезі бәрінен гөрі қиын-қыстау сәттердегі сыңайынан жақсы танылады», - дейді С. Цвейг. Адамның мінезі оның ішкі жан-дүниесінің айнасы. Оның қоғамдық ортада өзін қалай ұстауы, адамдармен қарым-қатынасы, таным-түсінігін бейнелеуі бәрі де оның мінезіне байланысты. Кейде адамдар ортасындағы достық олардың білім деңгейі, көзқарастарындағы ортақтық негізінде емес, олардың мінездерінің сәйкес келуі мен өзара үйлесуі нәтижесінде туындап жатады. Мінез адамның айналасына беретін тұңғыш әсерінің негізгі бастаушысы. Бірінші оқиғадағы ер адамның мінезі оның өмірін белгіледі. Оның бар байлығы, отбасы, жұбайы және ұрпағы нашар мінездің кесірінен өзінен алыстап, олардың өзінен қол үзуіне әкеліп соқты.
Екінші оқиға
Бұл кісінің туып-өскен жерінде өзен-көл мүлде жоқ еді. Сол себепті ол суда жүзуді білмейтін. Ол үлкен қалаға келді. Мұндағы адамдардың демалысын теңіз жағасында өткізетінін көріп қатты қызығатын. Бір күні ол бассейнге барды. Суға бір түскен соң қатты жүрексініп қалды. Су жұтты, батып кете жаздады. Бірақ, ол суға жүзуді үйренуді өзін жеңудің, өзін өзгеше бір қырынан тәрбиелеудің жолы деп білді. Талмай, талықпай үйренді. Уақыт өте келе суда жүзу оның өмірінің айрылмас бір бөлігіне айналды. Тұрмысындағы басты әуесі де осы жүзу болып қалды.
«Біздің кез келген ең ұсақ, ең мәнсіз, ең елеусіз қылығымыздан-ақ бүкіл мінезіміз көрінеді: ақымақтың кіруі де, шығуы да, отыруы да, орнынан тұруы да, үнсіздігі де, қимыл-қозғалысы да ақылды адамға қарағанда басқаша». Бұл Ж.Лабрюйердің сөзі. Жақсы мінездің қалыптасуы - адам бойында үлкен төңкерістің орын алғанын дәлелдейді. Мысалы, екінші оқиғадағы адам алғашында судан жүрексінді, кейін өзін жеңу үшін суды бағындыруға талпынды. Ал, кейін ол тамаша тұрмыс әдетіне айналды.
Үшінші оқиға
Балалар психологиясымен айналысатын орталық жиырма балаға тәжірибе жасады. Оларды жеке-жеке бір үстел, бір орындығы ғана бар және бақылау камерасы жұмыс істеп тұрған бөлмеге отырғызып, алдарына бір тал дәмді шоколад қойды. Тәжірибе жасаушылар есіктен шығарда балаларға: «Бұл жерде ешкім жоқ. Мен он минуттан кейін келемін. Егер сол уақытқа дейін осы шокладты жемесең, мен саған осындай он тал шоколад беремін», - деді. Нәтижесінде жиырма баланың тек екеуі ғана сол он минутқа шыдап, шоколадты жемей күтіп отырды.
Мінездің басты белгісі – тіршілік иесінің қимыл-қозғалысының түрлі деңгейдегі көріністері екенін ескерсек, үшінші оқиға бізге түрлі ой салады. Баланың төзімділігі мен үлкенге деген сенімі сәби мінезінің айнасы болып табылады. Бұл әрекеттері олардың алған тәрбиесінен дерек беруде. Адам бойындағы мінез-құлықтың бастапқы көрінісі – қылық. Мұнда әр адамның өмірлік бет алысы, бағыт-бағдары, талғам-сенімі, көзқарасы, мақсат-мұраты көрініс береді. Адам өзін-өзі бақылау жасау арқылы мінезіндегі мінін түзеуге, жағымсыз әрекет пен қылықтардан өзін тыйып ұстауға мүмкіндік алады. Мінез-құлық адамның өзіне, айналасындағы басқа адамдарға қарым-қатынасынан, жүктелген істі қалай орындайтынынан көрінеді. Бұл оның бүкіл тыныс-тіршілігіне әсер етіп, сыртқы ортамен байланыс жасауын қамтамасыз етеді.
В.Гюго : «Әрбір адамның үш мінезі бар: басқалардың оған телитін, оның өзіне-өзі телитін және ақырында, шын мәнісінде өзінде бар мінезі», - дейді. Бәрімізге де шын мәнісіндегі өз мінезімізді танып, оны өз айналамызды нұрландыруға қарай бұра білуді үйрену аса маңызды.
Автор: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: blog.sina.com.cn
M. Auelkhan