- Негізгі бет
- Психология
- Қошемет сөзді қалай...
Қошемет сөзді қалай қабылдаймыз?
Қазақ атамыз қашан да сөзге бай болған. «Өнер алды қызыл тіл» деп оның құдіреттілігін де танытқан. Ал сол өнерлердің бірі - қошемет сөзді орнымен айта білу және қабылдау. Сөзбен сал болып жатқан ауруды емдеп, қажет болса екі елді бір-бірімен жауластырып, қос ғашықты табыстырып қоюға болады. Оны еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жақсы көреді. Ол жүрекке нұр сыйлады. Бірақ қазақы ұяңдығымыздың әсері ме осы күндері өзімізге айтылған қошемет сөзді қабылдай алмайтындығымызды байқауға болады. Қошемет сөздерді ести салысымен «Жоға», «Жәй әшейін ғой», «Үйдегілер сатып әперген», «Ай, бұл бәрінің де қолынан келеді ғой» дейміз. Бұл әрекетімізбен қошемет сөзді қабылдай алмайтындығымызды, әдепсіздігімізді көрсетеміз. Сол себепті бізге жақсы сөздер айтылғанда қалай жауап қайтару керектігін Массагетпен бірге үйренейік.
Біріншіден, қошемет сөзді дұрыс қабылдай алмауымыздың себебін анықтайық. Мұндай әрекетке әдетте өзіне сенімсіз адамдар барады. Олар өзін өзгелерден төмен санайтындықтан, мақтан сөзге лайық емеспін деп ойлайды. Өзімізге деген сенімсіздіктің себебі неде жатқанын білмесек те, өзімізді жақсы көруіміз керек. Ең бақытты әйел – өзіне құрметпен қарайтын әйел. Ондай жандарға бір емес бірнеше қошемет сөз айтуға болады. Олай болса өзімізді жақсы көруді үйренейік.
1. Дене күтімі. Сабақ, үй, жұмыс деп жүгіріп жүріп өзімізге қарауды, шашымыз бен тырнақтарымызды ретке келтіруді ұмытамыз. Мұның барлығы бойымызға аздаған сенімділік сыйлайды. Міндетті түрде сән салондарына барып көп ақша құртудың қажеті жоқ. Оның барлығын үйде жасауымызға да болады.
2. Спорт. Би одан да жақсырақ. Жаттығулардың арқасында гормондар табиғи жолмен бөлініп, көңіл-күйіміз көтеріледі. Сымбатымызды да бірқалыпты ұстауға көмектеседі.
3. Қошемет сөзді бірінші болып айтыңыз. Біріншіден, адамдарға қуаныш сыйлайсыз, екіншіден, жауаптарын естіген соң өзіңізге де тәжірибе жинақтайсыз, үшіншіден, сыйға тартқан қошемет сөздеріңіз өзіңізге міндетті түрде қайтып оралады.
4. Бір іспен шұғылданыңыз. Адам баласы жаңа істі үйренген сайын өзін өмірге керек адамдай сезінеді. Мұнымен қатар рақатқа бөленеді. Кезінде түрік тілін меңгеріп, шаштараздың 3 айлық курсында оқығыңыз келген шығар. Олай болса іске кірісіңіз. Сізге не кедергі?
5. Психологиялық дайындық. Әрине, күнде таңертең айнаның алдына тұрып «Мен өзімді жақсы көремін» немесе қойын кітапшасына бір күн ішінде қуантқан 10 істі жазып отыру қиял әлемінде өмір сүріп жатқан адамдарға ғана жарасатын секілді. Алайда бұл әдістің әсері мол. Оның көмегімен барлық жерден жақсылықты көріп, игі істерге ұмтыламыз. Ал бізге қошемет айтқан кезде өзімізді қалай ұстаймыз? «Рақмет, сөздеріңіздің арқасында көңіл-күйім көтеріліп қалды» деген қарапайым әрі орынды жауап қайтаруға болады.
6. Жауапты қалай айтсаңыз да, ол адамның сөздері «майдай» жаққанын ұғындыратындай болсын. Өзінің қошеметі өзгелерге ұнамайтындығын білген адам оларды келесі бір адамға айтпауы мүмкін.
7. Өзіңіздің қошемет сөзге лайық екеніңізді мойындаңыз. Қошеметке жауап қайтарамын деп дәрежеңізді түсіруіп жатудың қажеті жоқ. Бұл қадір-қасиетіңізді төмендетеді.
8. Артық қыламын деп тыртық қылмаңыз. Қошемет – жүрекке жылы тиетін сөз. Бірақ жүрегіме жылылық сыйлады екен деп ол адамға сыйлық сыйлау міндетіңіз емес. Ал қошемет сөз айту арқылы сізді пайдаланып қалғысы келетіндерден сақ болыңыз. Аяулы қыздар! Өзімізді жақсы көріп, шын бақытқа лайық екенімізді мойындайықшы!
Ал сіз қошемет сөзді қалай қабылдайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: vk.com
Қ. Бүйенбай