- Негізгі бет
- Психология
- Адамдарды жалықтырып алмаңыз...
Адамдарды жалықтырып алмаңыз
Арада үнсіздік орнаған кезде немесе бейтаныс адаммен танысу үшін сөз бастау қиын. Досбол би айтқандай дауды шешетін аталы сөз болмаса да, күнделікті тұрмыстың өзінде «бәрінен де сөз бастау қиын». Қиын болатын себебі бұрын-соңды тәжірибенің жоқтығы немесе бетімді қайырып тастай ма деп қорқу. Сол себепті әңгімені дұрыс бастауға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз:
1. Біріншіден, өзіңізді таныстырыңыз. Араларыңыздағы мұзды жібіту үшін жәй ғана өзіңіздің есіміңізді айтып, қолыңызды ұсыныңыз. Және күлуді ұмытпаңыз.
2. Кездесулеріңізге себеп болған детальды атап өтіңіз. Айналаңыздан назар аударарлық дүние тауып, әңгімені содан бастаңыз. Ол «Алдымызда тұрған ескерткіш өте әдемі екен!», «Кішкентай балалардың мәз болып жүргеніне қараңызшы...», «Ана адамдар не істеп жатыр екен?» деген секілді сөйлемдер болуы мүмкін.
3. Сұрақ қойыңыз. Көп адамдар өзі туралы айтқанды жақсы көреді. Бар болғаны өзіне қатысты дұрыс сұрақ таңдай білсеңіз болғаны. Ол сұрақтар «кім, не, қайда, қашан, қалай, қандай» секілді бірден «иә», «жоқ» деп жауап бере салуға келмейтін сұрау есімдіктерінен басталғаны жөн. Мысалы:
«Сіз кітап оқығанды жақсы көресіз бе?», «Сіздің ЖОО-да алған біліміңіз бар ма?», «Сізге көктем мезгілі ұнай ма?», «Сіз боссыз ба?», «Сіз бұл жерге көп келесіз бе?» секілді қысқа ғана жауап алуға болатын сұрақтар қоймағаныңыз жөн. Мұның орнына «Сіз қандай кітаптарды жақсы көресіз?», «Сіз қандай мамандықта білім алып жатырсыз?», «Не себепті көктем мезгілін жақсы көресіз?», «Дәл қазір не істеп жатырсыз?», «Демалыс күндері қайда барғанды ұнатасыз?».
4. Сұрақ пен қошеметті ұштастыра біліңіз. Нәтижесінде алғыс қана алып қоймай, мәліметті де жинақтайсыз. Мысалы: «Сөмкеңіз әдемі екен! Қайдан сатып алдыңыз?». Бұл «Сөмкеңіз әдемі екен!» деген қошеметке «Рақмет!» деген қысқа жауап естігенге қарағанда жақсы.
- Мына жердің тағамдары керемет екен! Әдетте қандай тағамдарды жегенді ұнатасыз?.. «Неге?» деген сұрақтың көмегімен оның пікірін сұрап отырыңыз;
- Жиын жақсы өтіп жатыр. Сізге кімнің баяндамасы ұнады? Шығармалардағы сүйікті кейіпкеріңіз кім? Осы секілді ситуацияға сәйкес екеуіңізге де ортақ тақырыпты бастауға тырысыңыз.
5. Әңгіме барысын бақылауға алыңыз. Сөздің арнасынан айырылып қалмасы үшін не айтып жатқанын мұқият тыңдаңыз. Сөзіне қарап, эмоциялық көңіл-күйін, яғни өзін қалай сезініп отырғанын анықтауға тырысыңыз.
- Әңгімелесушіңіздің атын жиі атап отырыңыз. Осылайша оған деген ықыласыңызды білдіріп, атын да жылдам жаттап аласыз;
- Әңгімелесушіңізді қолдап отырыңыз. Бұл үшін көп сөйлеп жатудың қажеті жоқ. Бар болғаны басыңызды изеп, «иә-иә», «әрине», «мәссаған» секілді қыстырма сөздерді пайдаланыңыз. Уақыт өте келе «Сіз рас айтып отырсыз ба?», « Ал сіз сонда не істедіңіз?», «Оқиға деп осыны айт!» секілді қысқа сөйлемдерді де айтуыңызға болады;
- Ым-ишара тілін пайдаланыңыз. Басыңызды изеп қана қоймай, көзіне тік қараңыз;
- Әрдайым әңгіменің тақырыбын ойластырып отырыңыз. Оның айтқандарына қызығып отырғандығыңызды көрсетіңіз. Өзіңіз басқа бір нәрсені ойлап кетпеңіз;
- Көбірек жымиып, жеңіл әзіл айтуды да ұмытпаңыз. Өзіңізді қинап күлудің де қажеті жоқ. Бастысы – шынайылық.
6. Сезімдік қабылдауға байланысты айтылатын «көру», «сезіну», «елестету», «армандау», «айту», «ойлау» секілді сөздерді пайдаланып көріңіз. Мысалы:
- Бір жылдан кейін өміріңізде қандай өзгеріс болады деп ойлайсыз?
- Маған «жаңағы» жағдайда өзіңізді қалай сезінгендігіңіз туралы айтып беріңізші;
- Еліміздегі дағдарыс жайында не айтасыз?
- Сіз менің «мына» жағдайда өзімді қалай сезінгенімді білесіз бе?
7. Ішкі монологыңызды бақылап отырыңыз. Әңгімелесушіңізді шын мәнінде жалықтырып алсаңыз, сөзді жалғастырмағаныңыз жөн. Мүмкін оның расымен де уақыты жоқ шығар.
8. Шектен шықпаңыз. Жеке басына қатысты артық сұрақтар қоймаңыз. Бейтаныс адамдармен бұндай тақырыптарда абайлап сөйлесіңіз.
- Сұрақтарыңызға дұрыс жауап қайтармаса, әңгімені тоқтатқаныңыз жөн.
9. Әңгімелесушіңіздің сізден де ақылды болып, «мұқият тыңдау» техникасын пайдаланса не істейсіз?
- Бұны өзіңіз туралы айтып беруге берілген мүмкіндік деп түсініңіз. Шектен шығып «мыжып» кетпеңіз;
- Өзіңіз туралы айтуға қысылсаңыз, әңгімені басқа арнаға бұрыңыз;
- Сұраққа сұрақпен жауап беріңіз. «Мұндайды қалай ойлап таптыңыз?» десе, «Ал сіз ше?» деп аздап қулық танытыңыз. Осылайша әңгімелесушіңіз сұрақ қойғанын да ұмытып кетуі мүмкін;
Әрдайым жаңа адамдармен танысқан сайын өзіңізге тәжірибе жинайтыныңызды ұмытпаңыз.
Қосымша кеңестер:
- Адамдарды жалықтырып алмау үшін жеңіл әзілдерді пайдаланыңыз;
- Арадағы мұзды қошемет сөздер еріте алады;
- Қысылмаңыз. Бұндай әңгімелер бірнеше айдан кейін ұмытылып кететіндіктен, ойыңызға келгенді айтудан қорықпаңыз;
- Күнделікте өмірде кезедесетін қызықты оқиғаларды түртіп отырыңыз. Мысалы, өзіңіз естіген әзіл немесе достарыңызбен бірге көңіл көтерген кезде істеген әрекеттеріңіз;
- Әңгімелесушіңіздің эмоционалды көңіл-күйін бақылап отырыңыз. Үнемі сағатқа қарап отырған адамды мазалаудың қажеті жоқ;
- Әр айтқан сөзіңіз анық болсын. Мұрныңыздың астынан сөйлейтін болсаңыз, таныстығыңыздан түк те шықпайды;
- Әрдайым күлімдеп жүретін оптимист болыңыз;
- Ұялшақ адам болсаңыз, қозғайтын тақырыбыңызды алдын ала ойластырып алыңыз;
- Газет, журнал, теледидар, кітаптардың арқасында ой-өрісіңізді дамытып, соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырыңыз;
- Сөйлеп тұрған кезде дене қимылдарыңызды бақылаңыз.
Ескерту:
- «Өтініш», «мархабат», «әрине», «мүмкін бе» сынды сыпайылық үшін пайдаланылатын сөздерді өзіңізге жақсы көзқарас танытып тұрған адаммен сөйлескен кезде ғана пайдаланыңыз. Сыпайылық – ең ұлы мәдениет. Алайда оны дөрекі мінезді адамдарға қор қылмаңыз;
- Тым көп білетін және білгенін айта беретін адамдарды көпшілік жақтыра бермейді;
- «Е-е», «м-м» секілді дыбыстарды пайдаланбауға тырысыңыз. Ол әңгімелесушіңіздің ықыласын бөліп жіберуі мүмкін;
- Елдің барлығының сізбен сөйлескісі келіп тұрмағандығын да ескеріңіз;
- Еш уақытты өзге адамдардың әңгімесін бұзбаңыз;
- Біреу туралы жаман пікірлер айтпауға тырысыңыз;
- Сұрақты қойған соң, «қадалған жерден қан алдуың қажеті жоқ»;
- Нормаға жат лексикадан аулақ болыңыз, дөрекі, былапыт сөздерді пайдаланбаңыз;
- Өзіңіздің жалақыңыз туралы да айтудың қажеті жоқ.
Ал сіз әңгімені қалай бастайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru
Қ. Бүйенбай