- Негізгі бет
- Психология
- Мен ұялшақ адаммын...
Мен ұялшақ адаммын
Ұялшақ мінез – кең таралған қиындықтардың бірі. Ол әркімде әр түрлі көрініс табады. Мысалы, адамдардың көзіне тік қарай алмау, ұялған кезде тамырдың жылдам соғуы, қолынан заттарды түсіріп алу, көпшілік алдында сөз сөйлеуден тартыну және т.б. Одан қалай арылуға болатынын талдап көрейік.
1. Біріншіден, бар күш-жігеріңізді жинап, өзгелердің пікіріне мән бермеуге тырысыңыз. Оны іске асыру сіз ойлағаннан да жеңіл. Сіздің нағыз достарыңыз мінезіңіздің қандай екенін жақсы біледі және бір әрекетіңіз үшін сөгуге немесе мақтауға асықпайды.
2. Сіз қай жағынан мықтысыз? Осы жағын да ойлап көріңіз. Өзіңіз қандай болсаңыз, дәл солай қабылдаңыз. Кемшіліктеріңізбен бірге жақсы көріңіз. Кемелділікке ұмтыла бермей, бір уақыт шындыққа тура қараңыз. Кемшіліктер барлығының бойында бар, бірақ әр түрлі көрініс табады. Көптің бірі болғанша, ерекше адам болуға тырысыңыз.
3. Кез келген адаммен тіл табыса біліңіз. Танысыңызды көре салысымен күлімсіреп, сөзді бірінші бастаңыз. Бойыңызға өзгелерді қызықтыратын қасиеттерді жинақтаңыз. Ең бастысы әңгімелесушіңізді жалықтырып алмаңыз.
4. Бейтаныс адамдармен араласудың барлық мүмкіндігін қарастырыңыз. Оларға деген қызығушылығыңызды сөзіңізбен ғана емес, қимыл-қозғалысыңызбен де көрсете біліңіз. Шынайылықты ұмытпаңыз.
5. Тәжірибе ретінде дәріханаға хабарласып, қажетті дәрілер жайында мәлімет алып көріңіз. Бейтаныс адаммен телефон арқылы сөйлесу өте оңай. Бұл белсенді әңгіме жүргізіп үйренуге арналған жаттығу.
6. Адамдарға шын баға бере біліңіз. Өзіңізге жамандық жасады екен деп, оның жақсы қасиеттерін ысырып тастамаңыз немесе асыра сілтеп мақтамаңыз. Дұрысында оның сізге деген көзқарасының дұрыс екендігіне сеніңіз.
7. Көпшіліктің алдында сөз сөйлеу керек болса, алдын ала дайындалыңыз. Бұл баяндама оқу немесе туған күн кешінде тілек айту болуы мүмкін. Не айтатындығыңызды ойша жоспарлап, айнаның, жақын адамыңыздың алдында сөйлеп көріңіз. Аудиториямен көзбе-көз кездесуден қорықпаңыз. Адамдардың көзіне қарап сөйлеуді әдетке айналдырыңыз.
8. Әзілдесуді де ұмытпаңыз. Бір нәрсені ағат айтып қойсаңыз, өзіңізді сөкпеңіз. Жәй ғана босаңсып, әңгімені ары қарай жалғастырыңыз. Не сезінгендігіңізді дауыстап айтыңыз.
Ұялшақ адам осы қасиетінің арқасында алдына келген көп мүмкіншілікті жіберіп алады. Ол мүмкіншіліктер қайта айналып келмеуі де мүмкін. Сол себепті бұл мінезден арылу керек пе әлде жоқ па оны да ойлаңыз.
Ал сіз ұялшақ адамсыз ба?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: pvu.nu
Қ. Бүйенбай