Ашу өткінші жаңбыр секілді

Ашу өткінші жаңбыр секілді

Барлығы да кей кезде ашуланады. Ол жанымыз бен тәнімізге жағымсыз әсерін тигізеді. Сол себепті кезекті мақаламызды ашуланған кезде эмоцияларымызды қолға алып, тынышталуға көмектесетін бірнеше кеңестерге арнаймыз.

1. Ашу өткінші жаңбыр секілді. Ашуланып тұрғаныңызды біле салысымен үзіліс жасаңыз. Айналысып жатқан жұмысыңызды тоқтатып, басқа жаққа кетіп қалыңыз. Яғни өзіңізді ашуландыратын заттардан, оқиғалардан алшақ жүргеніңіз жөн. Мысалы:

- Жұмыста отырып ашулансаңыз, аз уақытқа дәретханаға немесе далаға шығыңыз. Жұмысқа көлікпен келген жағдайда, ішінде отыра тұрыңыз.

- Егер ашуланған кезде үйде болсаңыз, жуынатын бөлмеге барыңыз немесе далаға серуендеңіз.

- Бірінші рет барып тұрған жеріңізде серуендеймін деп адасып қалмаңыз. Оның орнына өзіңізді ашуландырып тұрған адамнан алшақ тұрыңыз. Артынша көзіңізді жұмып өзіңізді тыныш, ауасы мөлдір кең жайлауда тұрмын деп ойлаңыз.

2. Терең демалыңыз. Ашуланған кезде тамыр соғысы жиілеп кететіндіктен, оны қалыпқа келтіруіңіз керек. Демалмай 3-ке дейін санап, ауа жұтып, қайта сол әрекетті қайталаңыз. Еш нәрсені ойламауға тырысыңыз.

3. «Бақытты жерге» барыңыз. Ашуыңызды баса алмаған жағдайда өзіңізді бақытты жерде тұрмын деп ойлаңыз. Ең алдымен осындай «төтенше» жағдайларға арналған «бақытты жеріңізді» ойластырып қойыңыз. Ол бақшаңыздағы ағаштың көлеңкесі, ауладағы әткеншек, тыныш орман болуы мүмкін. Баруға мүмкіндігіңіз болмаған жағдайда, сол жердің ауасын, иісін, тыныштығын, жадырап жүрген адамдарын, ауа райын елестетіп көріңіз. Тынышталмайынша бақытты жеріңізді ойша елестете беріңіз.

4. Бұл әдіс жүзеге аспаған жағдайда, өміріңіздегі бақытты сәттеріңізді еске алыңыз. Ол ата-анаңызбен, сүйіктіңізбен және достарыңызбен байланысты болуы мүмкін. Олармен бірге өткізген қуанышты күндерді ойлап, күлімсіреуге тырысыңыз.

5. Іштей позитивті диалог жүргізіп көріңіз. Өзіңізді ашуландырған ситуацияны талдаңыз. Мысалы, мына жігіт мені қағып өтті. Мүмкін өмірінде келеңсіз оқиғалар болып, ашуланып келе жатқан шығар. Ондай жағдайлар бәрінің де басынан өтеді ғой. Жаңа қағып өткен кезде мына жерге құлап қалмағаным қандай жақсы болған. Қысқасы, мен сабырлымын...

6. Өзіңіз сенім артатын адамнан көмек сұраңыз. Әлі де ашуланып тұрған болсаңыз, жақын адамыңызға ішіңіздегі сырыңызды, ашулануыңыздың себебін айтып жеңілдеп алыңыз. Бастысы құпия сақтай білетін, сенімді адам болсын. Әйтпесе, екі есе ашуланып жүруіңіз де ғажап емес.

- Бұл адамнан қандай көмек сұрап тұрғаныңызды бірден айтыңыз. Егер жәй ғана тыңдағанын қаласаңыз, сөзіңізді бөлмеуін өтініңіз. Кеңес қажет болса, оны айтыңыз.

- Уақытты нақтылап алыңыз. Сөзіңізді тура нақтылаған уақыт ішінде аяқтауға тырысыңыз. Бұл уақытты босқа шығындамай, алдыға жылжуға мүмкіндік береді.

7. Сізді ашуландырған дүниенің күлкілі тұстарын байқауға тырысыңыз. Ашуыңыз тарқап, өзіңізді ретке келтірген соң бұл оқиғаның жарқын тұстарын еске алыңыз.

Ашуланшақтығыңыз әдетке айналса:

1. Физикалық жаттығулармен айналысыңыз. Жаттығу барысында пайда болатын эндорфиндер тынышталуға көмектесіп, дене қозғалысын ретке келтіреді. Сондықтан жалғыз айналысуға болатын спорт түрлерін анықтаңыз:

- жүгіру;

- велоспорт;

- баскетбол;

- жүзу;

- нетбол;

- соғыс өнері;

- йога;

2. Өмірге деген көзқарасыңызды өзгертіп көріңіз. Айналаңыздағының барлығын қарсылас пен қиындық деп қабылдайсыз ба? Бұл тек сіздің көзқарасыңыз болуы мүмкін.

Дүниетанымыңызды өзгерту үшін төмендегі кеңестерді пайдаланып көріңіз:

- Таңертең дүниеге жаңа келгендей ояныңыз. Бұған дейін болған жағымсыз оқиғаның барлығын ұмытып, өмірге басқаша қарап көріңіз.

- Ойыңыздың бұрынғы қалпына түсіп бара жатқанын байқасаңыз, дауыстап «Тоқта!» деп айтыңыз. (Ешкім жоқ жерде айтқаныңыз дұрыс).

- Мәселені жан-жағынан бақылап көріңіз. Бұл оқиғаның өзіңізге ғана емес, өзгелерге де қалай әсер еткендігін байқаңыз. Олардың қалай төтеп бергендігіне мән беріңіз.

3. Күнделігіңізге өзіңізді ашуландырып жүрген заттарды, адамдарды, адамдардың іс-әркеттерін жазыңыз. Жазылғандардың барлығы тек шындық болуы тиіс.

4. Ашуланшақ мінезіңіз қатты мазалаған жағдайда, психолог маманға барыңыз. Ұялатын болсаңыз, барғандығыңыз туралы ешкімге айтпасаңыз да болады. Бұл дәрігерлер мәселенің себебі мен шешімін анықтайды.

Ашуланшақ мінездің күйзеліске әкеліп соқтыратыны анық.  Бұл ашуды іште тұншықтыру керек деген сөз емес, оны сыртқа шығарудың дұрыс амалын іздеу керектігі.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: wikihow.ru

Қ. Бүйенбай