Ең алғашқы мектептер қайда пайда болған?

Ең алғашқы мектептер қайда пайда болған?

Мектептердің шығу тарихын білесіз бе? Ол қашан пайда болды? Орта ғасырларда, Түркілердің жерінде, Ежелгі Грекияда, Римде немесе Египетте ме? Ендеше бұл сұрақтарға жауап берейік:

Адам баласы балаларын ерте кездерден-ақ  оқыта бастаған. Әрине, ол кезде ұстаздардың дипломдары немесе арнайы білімдері болмаған, бар болғаны өзі өмір сүріп жатқан тайпа дұрыс деп баға беретін ережелерді үйреткен. Осы ережелерді білудің арқасында балалар өмірлерін аман сақтап қала алған. Мысалы, кейбір тайпалардың балалары бөгде адамды көрген кезде жүресінен отыратын болған. Бұл достық қарым-қатынасты білдіреді. Келесі бір тайпалар бас киімін шешетін болған.

Айтпақшы, бұл әдет көпшілік елдерде осы күнге дейін сақталған. Кездескен кезде мұрын түйістіріп, жайылған алақынын жоғары көтеретін тайпалар да болған. Мамандардың айтуынша, қол бұлғап сәлемдесу осыдан қалған. Ал қазіргідей беттен сүйіп амандасу ол кездегі адамдар үшін жат қылық. Ересек балалар аң аулап, мерген болуға үйренсе, қыздар өсімдіктер мен жануарлардың терісінен киім тігуді үйренген. Бұдан кейін балалар қазіргідей сынақ тапсырған. Оларды отпен, ұрып-соғумен тексерген.

Сынақтан өткеннен кейін тайпаның толыққанды мүшесіне айналған. Уақыт өте келе қазіргіге ұқсас мектептер пайда бола бастаған. Алғашқы деректерге сүйенсек, ең алғаш Ежелгі Шығыста пайда болған. Шумерлер. Ертеректе жоғалып кеткен бұл тайпалар жайында тек ХІХ ғасырда ғана айтыла бастады. Шумерлер Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығында өмір сүріп, тұрған жерлерінде мәдени орта қалыптастырған. Олар жер өңдеп, тігін тігу, киім тоқу, медий мен қоладан қару-жарақтар және саз балшықтан бұйымдар жасаған.

Б.з.д. 3000 жылдың өзінде жазу үлгісін қалыптастырып, алгебра ережелерін меңгеріп, кез келген саннан түбір шығара алатындай дәрежеге жеткен. «Тақтайшалар үйі» атты мектептері болған. Оқушылар саз балшықтан жасалған тақтайшаларға жазатындықтан, мектептер дәл осылай аталған. Мектеп мүдірін «уммиа» деп атаған. Оған «аға мырзалар» көмектескен. Яғни, тәртіп пен білімге жауап беретін ұстаздар. Бүгінгі таңда шумерлік балалардың жазып қалдырған тақтайшалары табылып отыр. Осындай тақтайшалардың бірінде оқушы жазған шығармасында ұстазына алғыс айтқан. Осылайша жер бетіндегі ең алғашқы мектептер пайда болған.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: ahortagos.gr

Қ. Бүйенбай