- Негізгі бет
- Психология
- Баланың білім алуына...
Баланың білім алуына кедергі келтіретін жағдайлар
Кез келген бала бірінші сыныпқа аяқ басқаннан өз сабағына тиянақтылықтықпен қарайды. Басында қызығушылықпен бастайды, сосын үйіндегі үлкендердің қадағалауымен оқитын болады. Кейіннен өресі бар бала өзі үшін оқуды жалғастырады. Осылайша сыныптан сыныпқа көше береді. «Бес алдым бүгін» деп үйге кіргеннен күнделігін ала жүгіретін бала сыныбы өскен сайын мейлінше әке-шешесі күнделігін тексермегенін қалап тұрады. Баланың дұрыс білім алып, сауатты болу үшін оған түрлі жағдайлар әсер етеді. Ендеше, сол жағдайларға тоқталып өтейік.
Ата-ана тарапынан қадағалау болмаған жағдайда
Иә, түсінеміз, ата-ананың бір күнге сыймас шаруасы онсыз да бастан асады. Бірақ бала тәрбиелеуді сондай маңызды шарулардың қатарында қоса ала жүру керек. Өйткені оның қандай болып өспегі және қандай білім алмағы әке мен шешеге байланысты. Егер ата-ана жастайынан баласының сабағын қадағаламай, оны қараусыз әрі елеусіз қалдырса, мұның арты баланың білімсіз болып өсуіне әкеп соғары түсінікті. Баланың кішкентай кезінде осы алып жатқан білімі ертең өзіне азық боларын ойлауға өресі жетпейді. Мұны ата-ана оған үнемі айтып отырғанымен ойын баласы мектеп кезінен бастап білім жинауды аса маңызды санамайды. Сондықтан бала ес біліп, білім алудың керек екендігін түйсініп өзімен-өзі болғанша оның сабақ оқуын қадағалауда ұстау керек. Барлық тапсырмаларын бірге отырып орындап, өз ойын ашық айтуға үйреткен жөн. Түсінбеген есептерін мұғалімнен қайта түсіндіруін талап ету арқылы қайта меңгерткен жөн. Бұл істі жауапты әрі салмақты санаған әке-шеше баласының болашағынан зор үміт күте алады. Бала сабақтан келгенде бүгін қандай тақырып өткендігін, мұғалімнің қандай ескертпе айтып, қандай баға қойғандығын сұрап тұру керек. Баланы бастан баға үшін емес, сауатты болу үшін оқытсаңыз, өзінің босқа ауыр сөмке арқалап мектеп пен үйдің арасында салпақтап жүргендігінің де бір мәні бар екендігін ұғады. Сондықтан баланың сабағын қадағалаусыз қалдырмауға тырысқан жөн. Қадағалаусыз қалған баланың бағасы төмендеп, сабағы нашарлап қалуы ғажап емес.
Мектеп ауыстырған кезде
Баланың білім алуына оның өзі сабақ алып жатқан білім ордасынан басқа мектепке ауысуынан да бұзылады. Бұл кезең бала үшін өте ауыр кезең болып есептеледі. Мектеп ауыстырған бала жаңа оқу ордасына үйренгенше біраз уақыт жатырқап жүреді. Психологиялық жағынан балаға мектеп ауыстырудан зиян көп. Өз мектебінде үздік оқушы болып келген бала мұнда келіп тіпті төмендеп кетуі де мүмкін. Мектеп ауыстырған баланың білімінің төмендеп кетуіне сыныптастары да, пән мұғалімдері де, ортасы да, пән кітаптары да әсер етеді. Онымен қоса әр мектептің өзіндік заңы мен талабы бар. Бала осылардың бәріне бой үйреткенше біраз қиналады. Осы қиналыс арасында ол біраз сабақтан нашарлап қалуы мүмкін. Әр күні жаңа тақырып өтетін мұғалімдер үлгерімі төмендеп қалған бала үшін қайта сабақ өтпейді. Осылайша ол бағдарламадан да қалыс қалады. Алдыңғы тақырыптардан қалып қойып, соны түсінбей қалған оқушы одан кейінгі тақырыптарды да қуып жете алмайды. Осындай қиындықтар кесірінен ол баяғы «бесін» жоғалтып алып, «төртпен» не «үшпен» достасып алады.
Өтпелі кезеңді бастан кешіріп жүрген шақта
Өтпелі кезең ешқандай да баланың өміріне соқпақ өте алмайды. Бұл кезең аты айтып тұрғандай өтпелі. Әйткенмен өтіп кететін кезең болса да баланың өмірін өзгертіп жіберуге де қауқары жетеді. Сондықтан өтпелі кезеңде жүрген баланың тәрбиесі мен білім алуы да аса жауаптылықты қажет етеді. Өтпелі кезеңді бастан кешіргенше бала сабақтан өзгеге көңіл қоймай, күнделігін «беспен» толтырып жүрсе, өтпелі кезеңді өткере бастағанда керісінше болып кетуі ғажап емес. Бұл кезең баланың сабағына да әсер етеді. Мұндай шақта баланы күні-төні бас алмай сабақ оқып отыру да мезі етеді. Сабақ оқудан басқа да мектепте қызықтардың көп екендігі көңілін түртеді де, ендігі кезекте өзге сыныптастарының сабақтан басқа немен айналысып жатқандығына қызығады. Ал оның өзге сыныптастары не істеп жүр? Бірі алғашқы махаббатын кезіктіріп, ғашықтық хал кешіп жүрсе, енді бірі болмашыға ата-анасымен ұрсып қалып үйден безіп жүр. Өйткені олар да осы бір өтпелі кезеңнің құрбандарына айналып барады. Ойлап қараса, ол осы уақытқа дейін кешке дейін сабақ оқып, түн болысымен-ақ төсегіне жатып ұйықтай салады екен. Ал мұндай кезде сыныптас достары көшеде жүреді екен. Түн кезінде де қызық бар екен деп білген бала ендігі жерде көшеге елеңдеп тұрады. Көңілі көшеде болған баланың зауқы қалай сабаққа соқсын? Өтірік оқығандай болып, күнделігін «қайталаумен» толтырып бала енді басқа әуес тауып ала бастайды. Міне, осылайша өтпелі кезең баланың білім алуына айтарлықтай кедергі жасайды.
«Қызықты» техникалардың арасында жүргенде
Бөлмесінде интернетке қосылған компьютер, қолында соңғы үлгідегі қымбат телефоны бар баланы сабақтан басқа да дүниелер қызықтырады. Ол үшін компьютер нағыз «қызықтың» ордасы. Осыншама қызықты тастап ол қалай кітапқа бас қойсын? Оянғаннан мектепке барады. Онда сабаққа зауқы соқпаған бала мұғалімді тыңдаудың орнына телефонын шұқылаумен әлек болады. Сыныпта өткен тақырыпты түсінбеген бала үй тапсырмасын да жарытпайды. Парталас сыныптасынан көшіріп алғанды бас қатырып сабақ оқығаннан да артық көрген оқушы компьютердің орындығына қайта байланады. Күні осылай өтіп жатқан баланың басында қандай білім болмақ? Бала қолында бар техниканы тек игі іс үшін ғана пайдалану керек екен деп ойламайды.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: еnbek.gov.kz
А. Әбілхан