- Негізгі бет
- Психология
- "Алғашқы махаббат жүректі...
"Алғашқы махаббат жүректі тербейді..."
Жасөспірімдік кезең бала үшін де, ата-ана үшін де оңайлықпен өтпейді. Дәл осы уақытта адамның мінез-құлқы, ойы, көзқарасы қалыптасады емес пе? Әсіресе, оған алғашқы махаббаттың мұңы қосылса, одан әрмен қиындап кетуі ғажап емес. Жіп секілді, тарқатуға тырысқан сайын, шиеленісе береді.
Осы орайда балалар психологтары жасөспірімдердің ата-аналарына төмендегі кеңестерді ұсынады:
– Сіздің алдыңызда тұрған мәселенің байыбына барып алуыңыз керек. Алғашқы махаббат – сөзбен жеткізуге болмайтын, тек қана "көзбен көріп, ішпен білетін" ерекше сезім. Бұл – баланың шекарасы жоқ жеке патшалығы, бұл – аспанда қалықтаған бақыт... Және күтпеген жерден құлау.
– Балаға кеңістік құрып беріңіз. Қызыңыз немесе ұлыңыз сіздің емес, достарының ыстық құшағы мен кеңестерін құп көріп жатса, ашуға берілудің қажеті жоқ. Өзіңіз керек болғанға дейін жанында болыңыз, күтіңіз.
– Өтініш, дәріс оқымаңызшы. Баланың керек етпейтіндіндерінің ең соңында – сағаттаған дәрістер тұр. Ол сізге барын айтуға шешім қабылдаған болса, қарсы пікірлер мен артық сауалдарсыз қабыл алыңыз. Тек қана тыңдаңыз. Өзі сұрағанда ғана, кеңес айтыңыз. Және әрқашан қолдау білдіретініңізді, қандай жағдайда болмасын қолдайтыныңызды айтыңыз.
– Қалыпты өмірге қайтаруға барыңызды салыңыз. Серуенге, спорт жаттығуларына, дүкендерге бірге алып шығыңыз. Саяхатқа шығуға болады, саяхаттың күйзелісте тигізер пайдасы зор екенін ұмытпаңыз.
– Баланың денсаулығына абай болыңыз. Тыйылмайтын жастар мен асқа деген тәбеттің жоқтығы, жүрекке түскен ауырлықтың соңы жақсылыққа апармайды. Сол себепті, баланың сұйықты көп ішуін, күніне 3 рет тамақтануын, 7 сағаттан кем ұйықтамауын қадағалаңыз.
– Балаңыздың ғашығына хабарласып, ұрыстың астына алудың қажеті жоқ. Ол да біреудің баласы екендігін ұмытпаңыз. Жасөспірімдер де бәрі құбылмалы: бүгін ренжіседі, ертең татуласады, қайта кездесе бастауы да мүмкін.
– Баланың танымының артуына бар жағдайды жасаңыз: қосымша курстарға жаздырып, жаңа қызығушылықтардың пайда болуына жол ашыңыз.
– Рецидивке (белгілі бір құбылыстың қайталануы) дайын болыңыз. Бәрі дұрысталған сияқты болса да, бірнеше уақыттан кейін барлығы қайталануы мүмкін. Саспаңыз, уақыт емші, ал уақытқа да уақыт беру керек.
Дайындаған: Бұбұл Сұлтан
Сурет: vk.com