Жігіт пен қыз арасындағы ұрыс-керіс неден туады?

Жігіт пен қыз арасындағы ұрыс-керіс неден туады?

Орта есеппен бір жұп айына 25 рет ұрсысады екен. Бұл дегеніңіз күн сайын ұрсысу дегенмен бірдей емес пе?! Ұрсыспаса, тағы болмайды. Себебі ұрыссыз қарым-қатынас нағыз қарым-қатынасқа жатпайды.

Әлбетте, жұбың айдаһардай ысқырып тұрғаннан гөрі, "Жаным, айым" деп еркелетіп тұрса дейсің. Психологтар ұрысты көбіне қыздар қауымы бастайды дегенді алға тартады. Бұл расымен солай ма? Егер жігіті көшеде кетіп бара жатқан бір қызға көзін ақырын қысып қалмаса, қыздың ұрыс бастап несі бар? Міне, ұрыстың негізі жігіттерден бастау алады екен. Ал қыздар – сайып келгенде, құрбандық. 

Massaget.kz осы орайда ұрыстың туу себебі мен одан арылудың жолдарын ұсынып көрмек.

Бірінші мәселе: Қайталанатын ұрыстар. 

Жігіт үнемі өз қалауымен жүргенді ұнатады. Жігіттің жаратылысы сондай. Бірақ қызына келгенде, "қатігездің" нақ өзі дерсің. Тіпті қызын жан құрбысының тойына жібергісі келмейді. Бір сөзбен айтқанда, ашса, алақанда, жұмса, жұдырығында ұстайды! Ал әлгінде ғана жұмыстасының туған күніне жібермеген әрекетін әрең кешірген қыз жігітінің бұл әрекетіне тағы жатып кеп ашуланады. Міне, сұрапыл ұрыс осыдан туады. Байқап отырсақ, бір әрекет, бір ұрыс, тіпті ұрыс барысында айтылатын сөздер де біп-бірдей. Қыз бен жігіт арасындағы диалог былай жүруі мүмкін: 

"Қыз:

-Сен маған сенбейсің! Сенсең, ендігі жіберер едің! Сенбейді екенсің, бұндай қарым-қатынастың керегі де жоқ.

Жігіт:

-Ал сен өзіңді ғана ойлайсың, менің айтқанымды тыңдағың келмейді! Мен кіммін сонда сен үшін? Көлденең көк аттымын ба?"

Осылай деп кете береді. 

Былай ойлап тұрсақ, екеуінің де айтқандарында шындық бар. Дегенмен бұндай ұрыстың түбіне жететін уақыт келді.

Бұның шешімі біреу ғана: Ашық сөйлесу. Ашудың ырқына берілмей, жай көңілді отырған кездеріңізде ақырын әңгіменің бір шетін шығарыңыз. Қызыңыз (не жігітіңіз) де бұл әңгімені ести сала, бар дүниені төңкере жаздап, ашуланып кетпес үшін жаймен отырып жеткізгеніңіз жөн. Сөйтіп, ұрысты біржола шешіп алу керек. 

Қарым-қатынаста ашу-ызаны, өкпені жүрекке жасырып қойып жүре беруге болмайды. Не де болса, тәуекел деп басын ашып сөйлесіп алған дұрыс. Жігіттер ым-ишарамен айтылған сөздерді түсіне бермейді. Төрткүл дүниенің ғалымдары дәлелдегендей, жігітке сөздің ашығын бір-ақ айта салу керек. Мысалы қыз өзінің туған күніне жүз тал роза гүлін қаласа, жігітіне солай деп айтқаны жөн. Жігіттің ол күнге басқа жоспарлары болса да, қыз өзінің қалауын қанағаттандырып, толық қуанатын болады. 

Екінші мәселе: Ұрыс дауыс көтеруден туады. Қыз (не жігіт) бір дауылдың басталарын сезген сәтінде-ақ жұмған аузын ашпай отыра қалуы керек. Дауыс көтеріп ашуға булыққалы жатқан жұбыңыз бұндайды сізден күтпей, аңтарылып қалары сөзсіз. Сенбесеңіз, байқап көріңіз. Ұрысты тоқтату сіздің қолыңызда тұр!

Үшінші мәселе. Жігіттің (не қыздың) бір әрекетіне көңіліңіз толмай қалып, ішіңіз жарылып бара жатыр. Айтпасқа болмай тұр. Өз-өзіңізді басқара алмай, атылып кетуге әзір тұрсыз. Сабыр сақтаңыз. "Сабыр түбі – сары алтын" деген сөз бекер айтылмаған. Кішкене өз-өзіңізге келіп алған соң, айтар сөзіңізді әзіл-қалжыңмен күліп отырып жеткізіңіз. Ал "Ашуланып отырғанда, қайдағы күлкі?!" дейтіндер мен "Күлкім шынайы шықпай, күлкісымаққа ұқсап қалады ғой" дейтіндерге жай сөзбен-ақ шымшып алуға болады дегенді айтқымыз келеді. Қазақ бұны "мақтамен бауыздау" дейді.

"Ырылдарсың, қаппассың, менен жақсы таппассың". Ұрыс кезінде адамның бүкіл ақылдылығы, парасаты, болмысы бетпердесіз ашылып, көрінеді. Адамның қандай екенін ашу үстінде көруге болады. Жұбыңыз дәл сізді таңдағаны үшін өкініп қалатындай жағдайға жеткізбеңіз. Бәрі сіздің қолыңызда! 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: vk.com, mail.ru

М. Оңғарова