Аз ұйқы ойлау жылдамдығын тежейді

Аз ұйқы ойлау жылдамдығын тежейді

Асығыс заманда уақыттың құны жоғары. Оны үнемдеу мақсатында талай пайдалы істерден бас тартып, бар уақытымыз бен күшімізді жұмысқа береміз. Алайда ғалымдар ұйқыға қажетті уақыт бөлмейтіндер жұмыста сәтсіз болатынын дәлелдеді.

Әрқайсымыз да мүмкіндігімізше аз уақыт ұйықтап, бос уақытты пайдалы шаруаларға құртуға тырысамыз. Бірақ ұйқының аздығы жұмыстағы нәтижелілікке тікелей қатысты екен. 

Бостондық ғалымдарының айтуынша, ұйқыңыздың қанғанын сезіну оның қажетті мөлшерінің көрсеткіші емес екен. Ұзағырақ ұйықтаған сайын, сіз белсенді, еңбекқор, түрлі жағдайларда тез шешім таба алатын адам боласыз. 

"Біздің ғалымдар тобы ұйқының аздығы әуе көлігін басқару, электростанциядағы механизмдерді бақылау және басқа да қиын жұмыстарды орындауға қалай әсер ететінін зерттеді. Бұндай жұмыс түрлері жадының қайта, тез кодталуын, визуалды ақпаратты іздеу, шешімдер қабылдауды талап етеді. Ал аз ұйықтаған сайын, бұл қасиеттер азаяды", – деп пікірін айтты зерттеу авторы Жанна Даффи.

Бір ай бойы ғалымдар 12 адамды бақылауға алды. Бірінші аптада оларға 10-12 сағат ұйықтауға рұқсат етілді. Ал келесі 3 апта бойы олар күнделікті тек 5,5 сағат ұйықтап жүрді.

Адамдар аз ұйықтаған күндері өз жұмысын баяу орындаған. Уақыт өте келе, жұмысшылар бұл ұйқы тәртібіне үйреніп, аз ұйықтағандарына еш шағымданбаған. Зерттеу адамның ұйқысы қанғандығын, нәтижесінде өзінің еңбекке жарамдылығын да бағалай алмайтындығын көрсетті.

Адам аз ұйықтаған сайын оның еңбекке жарамдылығы азаяды. Ұйқының аздығы ойлау жылдамдығын кемітеді екен.

Ал сіз қанша уақыт ұйықтайсыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: ru.tsn.ua

С. А