- Негізгі бет
- Психология
- Жігіт құпиясы...
Жігіт құпиясы
Апта сайын қыздардың миын жеп, айтпаған арыз, өкпеміз қалған жоқ. Енді ойлап отырмыз, байғұс қыздарға бір демалыс берелікші деп. Енді, олар да адам ғой. Кез келген жанда кемшіліктер болады. Бұл кемшіліктердің жігіт психологиясын білмегендіктен ғана орын алатындығы да белгілі. Сырымызды жан баласына ашуды құп көрмейтін біз массагеттік қыздар үшін құрбанға барып отырмыз.
Құрметті қыздар! Осы ғой біздер сіздермен апта сайын сөз таластырамыз да жатамыз. Бұны енді, жай ғана әріптестер арасындағы әзіл деп ұғуға болатын шығар. Дегенмен сүйген жігіттеріңізбен қатынастарыңыздың сары майдай екендігіне күмәніміз бар. Сондықтан сіздерге жігіттер психологиясы туралы бірер кеңес бергіміз келіп, шыдай алмай отырмыз.
| Бір жерге барарда, міндетті түрде сұран. Шындап келгенде сенімімізге кірген қыздың біз үшін қайда жүргендігі бәрібір. Аляскаға билет алып ұшып кетсе де, көңіліміз баяғыдай болады. Бұл жердегі сұрану процесі - жай ғана формалды нәрсе екенін ұғыныңыз. Жігіттердің психологиясы сол - қыздарды өзінің бақылауында ұстағысы келеді. Тым болмағанда, өзінің құзырында сезінгісі келеді. |
| Ұрыс естіп жатсаң, жауап қайтаруға асықпа. Көп жағдайда жігіттер басымдылық уысынан шығып бара жатса, осындай қадамға барады. Не үшін ұрсып жатқанымызға түкіргеніміз бар. Бірақ сонда да ұрсу керек болатын кездер болады. Бұл - инициативаны өз қолымызға түсіру үшін ғана жасалатын қадам. Сондықтан ақталуға асықпай, жігіттің ішкі қажеттілігін қанағаттандырып, үнсіз қалып кешірім сұраңыз. |
| Көпшілік алдында алдын орап сөйлеме. Бұл да жігіттің ішкі қажеттілігін қанағаттандыру үшін жасалатын қадам. Ер жігіт көпшілік ортасында өзін одақтың қожайыны ретінде сезінгісі келеді. Және өзін солай көрсеткісі келеді. Сол себеппен сізге тік сөздер айтып қалуы ғажап емес. Бұл жерде "ол мені сүймейді, сыйламайды" деген жалған ойлардан арылып, мәселенің байыбына баруға тырысқандығыңыз абзал. |
| Жиындарда жөнсіз билей берме. Жігіттің психологиясы арыстан секілді болады. Яғни барлық нәрсенің өзінің иелігінде болғанын жақсы көреді. Құдай үшін, бөтен еркекпен қылтыңдап билей көрмеңіз. Жігітіңіз сол жерде барлық ашуын білдірмесе де, бұл кезекті бір ұрыс-керіске потенциалды себеп болады. |
| Қарым-қатынастың алғашқы сатысында оның кемшілігін бетіне басып айтпа. Бетіне басып айтпақ түгілі ымдай да (намек) көрмеңіз. Оны жөндеу туралы түпкі ниетіңізді сезіп қойса, бұл жігітіңізге ұнай қоймасы анық. |
| Жігітке еркіндік бер. Яғни, оны өзіңіздің меншігіңіз ретінде қарауға тырыспаңыз. Оған ешқандай міндетті таңбаңыз. Яғни, ол сізге өзін байланып қалғандай сезінбесін. Оның да жеке өміріне, жеке қызығушылықтарына кеңістік қалдырыңыз. Оның жүрегінің кеңістігінің барлығын өзіңізбен толтыруға талпынбаңыз. Оның да жеке өміріне мұрша беріп, арада белгілі бір ара қашықтықты сақтаңыз. Сол үшін жігітіңіз міндетті түрде сізді сыйлап, бар махаббатын төгері анық. |
| Алғаш қадам жасаудан сақтан. Арадағы қарым-қатынастың тағдыры шешілетіндей жағдайға келгенде алғаш қадам жасап, инициатива білдіруге асыға көрмеңіз. Жігіттің үнсіздігі оның толғаныс, ой үстінде жүргендігінің белгісі. Нақты шешімге келіп, соған тоқтамайынша, оның қадам жасамасы анық. Сондықтан шамадан тыс активтілігінізбен оны өзіңізден алыстатып алудан қорқыңыз. |
P.S. Қысқасы, жігіттің сөзіне көп жағдайда назар аударудың қажеті жоқ. Сол сөздің түпкі мақсатын, негізгі ниетін іздеуге талпынған жөн. Бірақ қыздардың көлік айдауы туралы сөздің жаны бар-ау...