Қыздар тұрмысқа шығу үшін нені күтеді?

Қыздар тұрмысқа шығу үшін нені күтеді?

Ал, қыздар, бүгін ашылып ақтарылайықшы. Бәріміздің де ойымызда жар атанып, ана болу арманы жоқ емес. Оны мойындаймыз. Бірақ әркімнің тағдырына сай осы жолға не ерте, не кеш түсуі мүмкін. Біз, қыздар қауымы тұрмысқа шығу үшін белгілі бір қатып қалған қағидалар мен ырымдарға сенетін сияқтымыз ба, қалай? Түсінікті болу үшін біз сіздерге қыздар тұрмысқа шығу үшін не нәрселерді күтетіндігін санап, саралап берейік. Ендеше, кеттік.

Үш рет үйлену тойында қалыңдықтың қыз-жолдасы болу

Мұндайға сенбеймін дейтіндер аз шығар. Тіпті бір рет қыз-жолдас болып-ақ тұрмыс құрудан дәмеленіп жүретіндер де аз емес. Ал үш рет той төрінде тұрып, сонда да өз орныңызды таппасаңыз, кімге өкпелейсіз? Кешіріңіз, кейбір қыздар қалыңдық тойында қыз-жолдас болмай-ақ өмірлік жолдасына жолығып жатыр. Ал сіз қыз-жолдас болу арқылы бағым ашылар деп күтіп жүрсіз бе?

Қалыңдық гүлін тосып алу

Мұны да мойындайық. Оң жақта отырған қыздардың көбі Еуропадан келген гүл лақтыру рәсімінде көп бой көрсетеді. Бірақ сіздің бүкіл тағдырыңыз сол бір гүл шоғына қарап қалып па? Қалыңдықтың көкке лақтырған гүлін жерге түсірмей, басқа арулармен таласып жүріп тосып аламыз. Сөйтеміз де, мәз болып қаламыз. Құдды сол тойдан шыға салып өмірлік серігімізге жолыға салатындай болып, гүл лақтырған қалыңдық «бағыңызды ашып» бергендей болып қуанамыз. Өйткені біз шын жар атану үшін қайдағы жоқ гүлді күтеміз. Қаншама рет гүл тосып алып, сол гүлді солғанынша серігін күткен сұлулар да бар. Сол гүлмен бірге болашақ жолдасымызды да тосып алсақ, қанекей!

Қалыңдық киімін яғни той көйлегін киіп көру

Қыздар жағы той көйлегін киюге құмартады да тұрады. Аппақ көйлекті киіп аққудай кейіпке ену бәріміздің де көңілімізге жағары сөзсіз. Бірақ сол көйлекті кигеннен ертесіне-ақ өзімнің той көйлегімді киермін деп қатты сенудің керегі шамалы. Көйлекте тұрған дәнеңе жоқ. Кейде қызының ерте тұрмысқа кетіп қалуынан қорқатын шешелер қыздарына той көйлектерін киіп көруге мүлде рұқсат етпей отырады. Ойларынша – қыздары мұнан кейін бірден өз жұртын тауып кетеді.

Туыстар мен таныстардан "жеңгетайлық" күту

Мұндайлар да жоқ емес. Қыздардың көбі өздері ұнатып, танып-біліп тұрмысқа шыға салудан қорқады. Сондықтан бірден білетін жермен атасқанды дұрыс көреді. Адамды бір көруі былай тұрсын, бір жыл жүріп те тани алмайтындығын түсінген қыздар таныс-білісі бар жерге келін болып түсуді қалайды. Сондықтан қыздардың біраз бөлігі тұрмысқа шығу үшін әлдебіреулердің "жеңгетайлығына" аса зәру болады.

Диплом, жұмыс, көлік, үй...

«Дипломымды алып алайын, сосын...», «Жұмысқа тұрып алайын, сосын...», «Өз жағдайымды жақсылап жасап алайын, сосын..», «Үйдегілердің жағдайын жасап берейін, сосын...», «Өзіме үй алып алайын, сосын...». Ойлаңызшы, уақыт өтіп кеткен жоқ па? Артыңызға бір қарап қойыңызшы. Сіз жағдайдың қамымен көп жүріп қойған жоқсыз ба? Алғашқылары түсінікті. Ал соңғылары тіпті шектен шығып кетті деп ойламайсыз ба, қалай? Тұрмысқа шығу үшін осыншама нәрсені күту деген болашағыңызға қиянат деп білмейсіз бе? Ой салу – бізден. Бірақ сіздің болашағыңызбен санасу – біздің жұмыс емес. 

Жолын күту

"Алдымда ағам бар", "Менен үлкен әпкем әлі жүр ғой тұрмысқа шықпай..." Мұндайды көп естімедім демеңізші. Қыздардың көбі бүгінде тұрмысқа шығу үшін өз жолын күтіп жүр. Бұл рас нәрсе. Әрине, жолды күту қазақтың қанына сіңген сыйластықтың бір түрі шығар. Әйткенмен қыздың жолы ешқашан ұлдың жолына байланысты емес. Екеуі - екі бөле жол. Алдыңызда үлкен ағаңыз болса да, сіз одан асып кетсеңіз сізге ешкім өкпелемейді. Ал егер алдыңызда үлкен әпкеңіз тұрса, онымен келісіп рұқсатын алғаныңыз жөн. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: vk.com

А. Әбілхан