"Ішкі түйсік" деген не?

"Ішкі түйсік" деген не?

Бәріміз де кейде ішкі дауcымызды "естіп", ішкі түйсігімізді сезінеміз. Ұстап, көруге болмайтын бұл қасиетті логикалық тұрғыдан қалай түсіндіруге болады?

Кейбір қорқынышты, қуанышты не қайғылы жағдайларда шешімді тек осы ішкі түйсікке негіздеп қабылдаймыз. Біреуді ішкі түйсігі қауіп-қатерден құтқарса, басқаларды өмірлік жарларымен кездестіреді. Бұл феноменді зерттеумен ғалымдар ондаған жылдар бойы айналысуда. Ішкі түйсікті түрлі ғалымдар тұрғысынан қарастырып көрейік.

Антропология

Әсіресе ішкі түйсік әйелдерде қатты байқалады деп есептеледі. Антрополог ғалымдардың айтуынша, ерте заманда өмір сүрген әйел адамдар ауа райын, жыртқыш аңдардың шабуылын алдын ала болжап айта алатын. Ғалымдар әйелдердің ішкі даусын былайша түсіндіреді: кезінде еркектер аңшылыққа шықса, әйелдер үйде отыратын. Әйелдер үңгірлерден шықпай, сыртта не болып жатқандығын болжағаннан басқа амалы қалмайтын. Уақыт өте бұл түйсік дамып, ішкі дауыс пайда болды. Антрополог ғалымдар ежелгі әйелдер алыстан келе жатқан дауылды аспанда бірде-бір бұлт болмаған кезде-ақ болжай алатын дейді. Бірақ олар үшін аспандағы бұлт тылсым, ғажап құбылыс болатын. Ал адам өзі түсіне алмайтын нәрселерді логикалық тұрғыдан емес, эмоционалды сезе алады екен. Міне, сондықтан да бұрыннан бастап әйел адамдардың ішкі түйсігі жаттығып келеді екен.

Медицина

Медицина сынды тек дәйектерге жүгінетін ғылым адамның ішкі түйсігі бар екендігін жоққа шығармайды. Психиатр мен невролог дәрігерлер оны түрлі тәжірпибелер нәтижесінде тіркеп алуға тырысады, соған қатысты заңдылықтар мен статистикалық мәліметтер жинайды. Мысалы, соңғы өткен зерттеулер нәтижесінде ішкі түйсігі қатты дамығандардың көбісі солақай екендігі дәлелденді. Демек, бұндай жандардың эмоцияға жауап беретін мидың оң бөлігі белсендірек жұмыс жасайды екен. Тағы да бір медициналық анықтама бойынша, ішкі түйсік мидың сыртқы ортадағы оқиғаға лезде жауап қайтаруы. Бейсана оқиғаны бір сәтте өңдеп, жауапты болжам ретінде береді-мыс. Мысалы, сіз көше бойымен құрылыс маңынан өтіп барып жатқанда, алдыңызға құлаған кірпіштен кідіріп сақталып қалдыңыз делік. Сіз кідіргеніңізді ішкі түйсік деп ойлайсыз, алайда осыған бір сәт бұрын мұрныңыз құрылысшының тері иісін сезіп қалып, ондағы қорқыныш сезімі орын алғанда бөлінетін ферменттің иісін сезгендігін білмейсіз.

Психология

Психология ғылымы ішкі түйсік түсінігіне екі жақтан сипаттама береді. Бірі ішкі түйсікті жеке адамдардың ерекше қабілеті деп білсе, басқалары оны түстер әлемімен байланыстырады. Ішкі түйсік көбінесе қандай да бір сезіммен беріледі (ойыңызда түрлі суреттер, бейнелер пайда болады; иіс сезіп, дауыс естисіз; тіпті ауру, шаншу сезінесіз). Кейін сіз сол сезімге байланысты шешім қабылдайсыз. Бірақ бұл сезімдерді де логикамен байланыстыруға болады. Мысалға сіз таксиге күмәнды шопырға отырмайсыз, бірақ та сізді нақты жағымсыз иіс пен лас киім қорқытқанын түсінбейсіз. Санаңыз "Күнде осындай таксиге отырып жүрген жоқсың ба?" деп жұбатса, ішкі дауысыңыз керісінше қатерден сақтауға тырысады. Ойлар мен сезімдер бірін-бірі түсінбей, резонансқа түседі, сол уақытта сіз қандай да болсын күмәндылық сезініп, шешім қабылдайсыз. Кейде бұл шешімдердің рационалдығы сананың шешімдердің рационалдығы мен дұрыстығынан логикалық тұрғыдан қарағанда асып түседі. Кейбір ғалымдардың ойынша, ішкі түйсік адамның өзін-өзі бағдарламалаудың нәтижесі де бола алады. 

Ішкі түйсікке түрлі тұрғылардан қарап, оған түрлі сипаттама беруге болады. Алайда "ішкі дауыс" бар екендігіне сеніп, қиын сәттері ол көмекке келеді деп үміттенейік.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: kliniksmert.ru

С. А