- Негізгі бет
- Психология
- Наполеон мен тері...
Наполеон мен тері саудагері
Бірде Наполеон қосыны Ресейге шабуылдап кіріп, жапан даладағы бір шағын қалашықта соғыс жүргізіп жатады. Сол жолғы шайқаста ойда-жоқта қосынынан көз жазып қалған оны бір топ казактар тар көшеде өкшелей қуады. Жан сауғалай қашқан Наполеон шеткері көшелердің біріне орналасқан тері саудагерінің үйіне лып етіп кіріп кетеді. Ол тері саудагеріне: «Құтқара көр!» деп жалбарынады.
Тері саудагері: «Тез бол, анау бұрыштағы тері-жүндердің арасына кіріп ал!» дейді. Сосын Наполеоннің денесін тері-терсекпен жауып тастайды. Саудагер оны жасырып бола сала, казактар да сау етіп жетіп келеді. Олар тері саудагерінің қарсылығына қарамастан, дүкеннің астаң-кестеңін шығарып, Наполеонді іздеуге кіріседі. Қылыштарын тері-терсектердің арасына сүңгітіп байқап көреді, бірақ, Наполеонді таба алмайды. Үміттері үзілген соң, олар тайып тұрады. Бірталайдан кейін, Наполеоннің оққағары келеді. Мұны сезген Наполеон да тері-терсектердің астынан шығады. Осы кезде тері саудагері Наполеонға қарап: «Ұлы мәртебелім, бір сұрақ сұрауыма рұқсат ете көріңіз. Сіз терінің астында жасырынып жатқанда, көзіңізге ажал елестеді ме? Сол сәт қандай күй кештіңіз?» деп сұрайды.
Бойын тік ұстаған Наполеон ашулы әлпетте: «Наполеон патшадан осындай сұрақ сұрауға батылың қалай жетті?! Қорғаушы, мына әлін білмеген әулекіні тысқа алып шығып, көзін жоғалт!» деп бұйрық береді.
Қорғаушы байқұс саудагердің көзін таңып, оны далаға сүйрей жөнеледі. Тері саудагері ештеңені көре алмаса да, қорғаушылардың қимылын сезіп тұр. Қорғаушылар сапқа тұрып, мылтықтарының аузын оған туралайды, үскірік жел оның киімін сусылдатып, етегін желпілдетіп, бетін қарып барады. Екі аяғы да дірілдеп, ерік берер емес. Осы кезде, ол Наполеоннің тамағын кернеп: «Дайындалыңдар! Нысанаға алыңдар!» деген үнін естиді. Дәл сол сәт тіршілік қамымен қалқиып жүрген жанынан жұда болатынын сезген ол өн-бойын тіл жетпес біртүрлі үрей билеп, көздерінен жас парлайды.
Бірталай үнсіздіктен соң, тері саудагері өзіне қарай жақындап келе жатқан аяқ дыбысын естиді. Содан, ішле-шала көзіне таңылған шүберек те алдынады.
Ол күн нұрына қарлыққан көздерін аша алмай, бір ауық тұрғаннан кейін барып, Наполеоннің өзіне тесірейе қарап тұрғанын көреді. Наполеоннің бұл көзқарасы оған өзінің жан-дүниесін қылпын жібермей тінтіп тұрған сияқты сезілді. Осыдан аз-кем уақыт өткен соң, Наполеон дауысын жұмсартып: «Енді білген шығарсың?» депті.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: veresh.ru
M. Auelkhan