Жылы сөздің жүгі ауыр

Жылы сөздің жүгі ауыр

Француз жұрты ежелден тәрбие мәселесіне ерекше мән береді. Сосын да ұрпақ тәрбиесін ұлағатты қоғамдық міндет ретінде қарайды. Дүниедегі ең романтикалы ұлт есебіндегі француздардың қатаң да қағидалы тәрбие жолы ылғи да мейірімге толы романтика мен әзілдік сезімге бай келеді.

Бір күні бала мектептен үйіне келген соң қонақ бөлмесінде баскетбол ойнап жүреді. Ойынның қызығына әбден еліткен бір сәтте баскетбол добы кітап сөресінде тұрған гүл құмырасына барып тиді. Тарс етіп жерге түскен гүл шөлмектің күл-паршасы шықты. Баланың зәре-құты ұшпай қайтсын, бұл гүл шөлмегі әншейін сән үшін қойылған дүние емес, қайта атадан балаға жалғасып келе жатқан Бобон патшалығы тұсындағы қастерлі арғы заман асылы болатын. Оқыс туылған орны толмас бәленің ымы-жымын білдірмеуге бекіген бала есі кетіп, ебі қаша жүріп, шөлмек сынықтарын желіммен лекерлеп біріктіріп, әуелгі орынына қояды.

Шөлмектің шаң-тозаңын күн құрғатпай сүртіп, тазалап отыратын ұқыпты ана ондағы өзгерісті сол күні-ақ байқады. «Гүл құмырасын сен сындырдың ба?» деп сұрады анасы кешкі ас үстінде баладан. «Терезеден кіріп алған бір мысық қанша қуаласам да шықпай, қонақ бөлмесінде асыр салып жүргенде, сөреде тұрған гүл шөлмегін қағып кетті» деді жазадан жасқанған бала дереу жал тауып. Әр күні қызметке жүрерден бұрын өз қолымен терезені мықтап жауып, жұмыстан келген соң ашып қоюға дағдыланған ананың іші баласының өтірік айтқанын сезіп тұр. Баланың төменшіктеген жанары мен дастархандағылардың нар күмәнді қарасына: «Мен терезені шала жауып кеткен болуым керек» деген анасының сөзі оның сырын жасырғандай болды.

Ұйықтар алдында бала төсегінде бір парақтың жатқанын байқады. Анасы оған дереу кітап бөлмесіне келіп-кетуін бұйырыпты. Әлгінде ғана бір өткелден аман өттім бе деп қуанған баланың демі ішіне түсіп кетті. Өтірігінің өрге баспайтын түрі бар. Айтар сылтауы айтылды, енді ол анасының алдында бәріне шыдауға бекінді. Қанша туласа да, анасы оған қайте қояр дейсің...

Кітап бөлмесіндегі шырақтан жамырай төгілген қызғылт нұрға шомған анасының жүзінен ешқандай ашудың бейнесі байқалмайды. Есіктен кібіртіктей кірген ұлын көрген ана шкафтан шоколад салынған қорапты алып шықты да, бір тал шоколадты алып баласына ұсынды: «Бейчнер, мына шоколад саған ұсынған сыйлығым, бұл сенің терезе аша алатын нендей бір мысықты ойлап тапқан болжампаздығыңның ақысы. Келешекте сен, сөзсіз көптеген керемет барлаушылық әңгімелерін жазатын боласың әлі». Іле-шала ол тағы бір шоколадты алып, балаға ұстатты: «Мынау сенің бірегей құрастыру өнеріңе берілген сыйлық. Әдеттегі желімді пайдаланған болсаң да, жымдасқан сызаттарынан тарыдай мін таба алмадым. Десе де, есіңде болсын, желім деген тек қағаздан жасалған бұйымдарды ғана қалпына келтіруге істетіледі. Гүл шөлмегін әуелгі қалпына келтіруде жоғары қуатқа ие арнайы желім істету керек және оған кәсіби өре қажет. Ертең гүл шөлмегін қолөнершілерге апарып олардың шағылған шөлмекті бүлінбеген бүтін күйіне қайтып келтіргенін көрейік». Анасы сөйлей жүріп, қолына үшінші шоколадты да алды: «Мына шоколад менің сенен ғафу өтінген кіршіксіз көңілімнің куәсі. Ана болу салауатыммен отбасында өзіңдей спорт десе, ішкен асын жерге қоятын баланың бар екенін біле тұра, гүл шөлмегін оңай оқыс болатын жерге қоятын жөнім жоқ еді. Гүл шөлмегін сен шақпаған болсаң игі еді, періштеңді үркітіп алмаған болсам екен, құлыным!».

«Бірақ... Шеше... Мен...».

Баланың әлгі ішкі есебі жайында қалып, әлде нені түсіндіруге оңтайлана беріп еді, ебі қашып екі сөзінің басы құралмай қалды.

Анасы баласының ернін саусағымен баса қалып: «Шешеңнің шоколады таусылды, бұл – айтарымыз айтылып болды деген сөз. Барып ұйықтай ғой. Жақсы жатып, жайлы тұр, балам!» деді де, баланың маңдайынан сүйіп қойып, кітап бөлмесінен шығып кетті.

Осыдан кейінгі күндер әуелгі әуенмен жүріп жатты. Өзгеріс бар десек, ол баланың бұл оқиғадан кейін бірде-бір ауыз өтірік айтып көрмегені болды. Әр рет өзі де аңғармаған күйі өтірік айтуға оңтайлана бастаған сәтінде-ақ, оның көз алдына әлгі үш тал шоколад келе қалатын.

Ағаттық өткізгені айдан анық болса да, бала балағат пен жазғырудың есесіне, шоколадпен сыйланды. Қарамаққа бұл бір байыбына баруға болмайтын іс сияқты көрінгенімен, шындығында дәл осы үш тал шоколад балаға адам болу үшін алдымен адал болу керектігін көрсетті. Осы үш тал шоколад бала көңілінде мәңгілік сақтық дауысы ретінде жаңғырып тұратын болады.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: jiaoyu.7808.cn

M. Auelkhan