- Негізгі бет
- Психология
- Кәрілік – дауасыз...
Кәрілік – дауасыз дерт
Егде жастағы қария өзінің ұлы, келіні және төрт жасар немересінің үйінде тұруға көшіп келеді. Оның қолы дірілдеген, көзі нашар көреді, ал жүрісі тым баяулап кеткен. Отбасы әкесінің келген алғашқы күндері тамақты бірге ішіп жүреді. Бірақ, күш-қуаты әбден таусылған әкей тамақтанғанда баласы мен келінінің ызасына тиеді. Оның қалтырап тұрған қолындағы қасықтан тамақтың жартысы төгіледі, колына стакан алып алса, сткандағы сүттің жартысы да жерге төгіледі. Бұл жәйттердің барлығы әбден ашуына тиген ерлі-зайыптылар:
— Біз бірдеме істеу керекпіз. Бұл шалдың осы жасағаны да жеткілікті, -дейді.
Сонымен баласы мен келіні шалдың тамақтануы үшін арнайы асхананың бір бұрышына үстел қойып қояды. Отбасының барлығы тамақты асханадағы үлкен үстелдің үстінен ішіп жатқанда, әкейдің бір өзі бір бұрышта тамақтанып отыратын болды. Бұрышта отырып тамақтану барысында шал екі мәрте шыны аяқ сындырып алған соң, оған ұлы мен келіні сынбас үшін арнайы ағаш аяқ жасап береді. Кей кездері тамақтану барысында отбасының бір мүшесі шалға көзінің қиығымен қарап қалса, оның көзінен тек жас қана көретін. Өйткені, ол бір бұрышта жалғыз қалғандықтан жылайтын. Ал баласы мен келінінен бар еститін сөздері тек ұрыс еді.
Шалдың төрт жасар немересі мұның бәрін тек үнсіз ғана бақылап жүрді. Бір күні кешкі астың алдында кішкентай бала сырттан еменнің ағашын үйге алып келіп, сонымен ойнап отырғанын әкесі байқап қалып:
— Ұлым, сен не істеп жатырсың, - деп сұрайды.
Ештеңеге алаңсыз ұлы әкесіне:
— Мен сен және анам үшін ағаштан тамақ ішетін аяқ істеп жатырмын. Мұнымен сіздер мен үлкен болған кезде атам сияқты тамақтанатын боласыздар, - дейді.
Мұны айтып балақай күлді де, өзінің шаруасын ары қарай жалғастыра берді. Ал, бұл айтылған сөздер баланың әкесі мен шешесін естерінен тандырып жібергендей болды. Олар тіпті сол тұрған жерлерінде сөйлей де алмай қалды. Артынша көздерінен жас шығып кетті. Жас жұбайлардың дәл осы жерде біреуі де ләм-мим деп тіл қатпаса да, не істеу керектігін екеуі де іштей сезген еді.
Дәл сол күні кешкі ас алдында баласы шалдың қасына келіп, қолынан ұстап отбасы толығымен отыратын үстелге алып келіп отырғызды. Осы күннен бастап шал барлық отбасымен бірге тамақтанатын болды. Осы сәттен бастап ұлы мен келіні әкелері қанша рет қолынан шанышқыны түсіріп алса да, сүтті төгіп алса да ұрысып-сөкпейтін болды.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: ru.depositphotos.com
Ю. НИКУЛЛИН