Ырым-тыйымдар

Ырым-тыйымдар

Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған атам қазақ ырым-тыйымдары арқылы тәрбие берген. Ырым-тыйымның пайдасы да ұшан-теңіз...

  • Қыз өкпелегіш болса – ырысы кем болады.
  • Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.
  • Қыз баланың бір тал түскен шашын кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады.
  • Қалы үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға «Қалдыгүл, Қалдыбай» деп ат қояды.
  • Әйел итке тас лақтырса – үйдің ырысы кетеді, әйелдің бағы қайтады.
  • Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды.
  • Келін бала көтермесе, нағашы жұртының бір баласын қойнына алып жатады.
  • Жүкті әйел шашын кессе - іштегі бала кемтар болып туады, бақыты кесіледі.
  • Ана баланы дәретсіз емізбейді.
  • Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.
  • Жаңа түскен келін киім-кешегін қысқартса – нәрестесі кем туады немесе түсік тастайды.
  • Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады.
  • Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.
  • Түсік тастамасын деп, жас әйелдің көйлегінің етегін бүріп қояды.
  • Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «жер ана, күш-қуат бере гөр» деп жалаң аяқ жүргізеді.
  • Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түнде суға бармайды.
  • Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса – мерзімінен бұрын босанады.
  • Бала кіндігіне оралып қалады деп, екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.
  • Бала ортан жіліктің майын жесе – ата-анаға мейірімсіз болады.
  • Екіқабат әйел қоян етін жесе немесе қоян етіне жерік болса – баласы қоянжырық болады.
  • Екіқабат әйел ұл туғысы келсе – еркектің қару-жарағын, қыз туғысы келсе – жүзік, сырға, моншақ, қызыл түсті мата жастанып жатады.
  • Толғағы қатты болады деп екіқабат келіншекке толарсақ жегізбейді.
  • Қонақ қызды үй иесі төрге шығарса, сол үйге құт келеді деп ырымдаған.
  • Қыз бала дауысын қатты шығарып күлмейді.
  • Қыз бала түнде шашын жаймайды.
  • Баланың аңшылықтағы алғашқы олжасын несібесі кетеді, аңшылықта жолы болмайды деп ешкімге байлатпайды.
  • Егер әйел қыз туа берсе, баланың жолдасын босанған әйелдің басынан үш рет айналдырса ұл туады деп ырымдайды.
  • Жас келіншек аяғы ауыр кезінде түйе етін жемейді. Себебі, баласын түйе сияқты көп уақыт көтеріп, мезгілінде тумайды деген ырым бар.
  • Әйел екіқабат кезінде жерігі қанбаса, одан туған баланың аузынан су ағып жүреді.
  • Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады деп ырымдаған.
  • Сәби анасының төсін ұстап отырып емсе – сараң болады, еркім емсе – жомарт болады дейді.
  • Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса – елгі белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – болашақта батыр болады, бұл – кемеңгерліктің белгісі.
  • Шөбересінің алақанынан су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
  • Бесіктің бас жағына пышақ, қайрақ, қамшы қояды немесе үкінің тұяғын, кірпінің терісін, жыланның бас сүйегін тағады. Мұндайда шайтан, жылан, жәндік, тышқан келмейді деп жорыған.
  • Балаға асық етін мүжітпейді. «Алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме» деген сөз бар.
  • Тілдің ұшын жесе – сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған.
  • Нәрестенің иткөйлегін далаға тастамайды. Олай жасаса, сәбиге сырқат жұғады.
  • Сәбидің бақыты иткөйлегін кигеннен басталады.
  • Сыңар аяқ киім киген баланың әйелі ұры болады.
  • Киімнің түймесін айқастырып салса, қуанышты хабар келеді. Ілулі тұрған киімнің түймесін салмайды.
  • Аяқ киімді оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан шешеді. 
  • Қонаққа келген сәбиге көгендік береді немесе киім алып береді. 
  • Шалбарды отырып, оң аяқтан киеді, сол аяқтан шешеді.
  • Киім сатып алғанға: «Киімің күйрек, жаның берік болсын!» деген тілек айтады. 
  • Аяқкиімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Олай жасаса, адамның жолы болмайды. 
  • Қазақ аяқкиімнің табанына қарамайды. Оның баспайтын жері жоқ. Сондықтан да былғаныштан көз ұшынады.
  • Жорықта, алыс сапарда басқа жастанатын еш нәрсе болмаса, етігін жастанған.
  • Халық нанымында: «Етік жолға бастайды, шалбар (жастансаң) сорға бастайды», Ұлтарақты етікке салмай тұрып, алдыңғы, жол бағытына қараған басын тіліп, «жолын ашу» ырымын жасайды. 
  • Екіқабат әйел «ұл табамын» десе, еркектің қару-жарағын, шалбарын ырымдан басына жастанып жатады. Қыз тапқысы келсе – қызыл ала шыт, әйелдің көйлегін, жүзік, сырға, алқа тәрізді әшекейлерді жастанған.
  • Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Соғыс кезінде ғана солай жасауға болады. 
  • Әйел босанып жатқанда жеңіл болсын деп, қыздың көйлегінің шетін жыртып «жол ашу» ырымын жасайды, немесе ұлдың шалбарының балағын тіліп қояды.
  • Баскиімді кез келген жерге тастамайды, аяққа баспайды, астыға басып отырмайды, аяққа кимейді. Олай жасаса, бастан бақ таяды, бас ауруына тап болады.
  • Ер адам әйелдің киімін кимейді, жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектігінен айрылады.
  • Емшектегі баласы бар әйел жалаңбас бала емізбейді. Жалаңбас отырса, шайтан қайызғағын сәбидің аузына салып жібереді.
  • Баскиімді айырбастамайды. Олай жасаса, басындағы бағы кетеді. Бас киімін сатуға да болмайды. 
    Бөтен адамға баскиімін бермейді. Олай жасаса, адам басы кемиді. Баскиімін сыйлауға да болмайды.
М. Оңғарова