Ол үйленген!

Ол үйленген!

Біздің қоғамда үйленген еркектің қонышына жармасып, бойдақ екен деп жары бар жігітпен махаббат құрып жүрген арулар өріп жүр. Біле тұрып осы жолды дұрыс көрген жандарға аузымызды ашып керегі бар ма, жоқ па, білмедім. Бірақ бойдақ серісін күткен аруды сергелдеңге салған ер адам жайлы үндемей отыра алмайыз. Сонымен, үйленген ер адам қандай болады?

Ол демалыс күндері мен мерекелерді сізбен бірге өткізбейді

Бойдақ жігіттер үшін демалыс күндер қызбен кездесуге таптырмайтын уақыт. Тіпті мейрам күндері де сүйгенінің жанынан табылып, онымен бар қуанышты бірге бөліскісі келеді. Ал үйленген жігіт бұл күндері төбесін көрсетпейді. Өйткені оның уақытын бірге өткізетін өз жары бар. Ол демалыс күндерді бірге өткізуге келісім бергеннің өзінде, оны тыныш өткеруге тырысады. Қолынан келгенше сізді көпшілік жиналатын орынға алып барғысы келмейді.

Ол кез келген көпшілік ортадан қашады
Үйленген сері сізбен танымал орындарға (дәмхана, сауда орталығы, т.б) бірге барудан қашады. Сізбен ешқашан да бірге суретке түспеуге тырысады. Суретке бірге түскеннің өзінде ол суреттің әлеуметтік желілерге жарияланбауы мен басқа да орындарда сақталап қалмауын қатаң бақылап отырады.

Оның телефоны көбіне өшірулі болады
Кеш түсімен-ақ «ұясына» кірген серіңіз ұялы телефонның арғы жағындағы сізбен ерекше сөйлесе бастайды. Бірде дауыс бәсең, бірде ыммен сөйлеп, өзінше әлекке түседі. Ал кейде осыншама қолайсыздыққа тап болғанша телефонды өшіріп тастайды. Ал егер айласы басым ермен жүріп жүрсеңіз, ол сізге арнап бөлек телефон ұстауы да әбден мүмкін. Кейде ол сіздің қоңырауыңызға sms-хатпен жауап береді. Демек ол өзінің түн ішінде біреумен сөйлесіп жатқандығын жарына көрсеткісі келмейді.

Ол үнемі жасырынып жүреді

Сіз ол жайында бәрін біле бермейсіз. Сіздің білгендеріңіздің өзі жалған болып шығуы әбден мүмкін. Ол мейлінше сізге өзі жайлы ақпарат бергісі келмейді. Жұмысының қайда екендігін де, үйінің мекен-жайын да айтпайды. Сіз жолыңыз түсіп, сол мекенжайға соға кетсеңіз, қайтпек? Сондықтан ол мұны айтудан жасқанады.

Оның екі сөзінің бірі өтірік

Егер ол сізді тек пайдасына жаратпақ болып жүрсе, онда басыңызды шыр айналдыратын өтірікпен шырмап жүреді. Ол кейде өз өтіріктерін өзі шатастырып жатады. Әйеліне айтатын жалған сөзі мен сізге айтатын ақталуы ұқсап та жатады.

Қалтасынан артық қаражат шығармауға тырысады

Отбасы болған соң, олардың күнделікті жаратуға тиіс қаражаттары мен ортақ қордағы ақшалары санаулы болады. Оны ер адамның әйелі де бақылауда ұстайды. Сондықтан қалтасынан қосымша қаражат шығарарда қолы қалтырайды. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: vk.com

А. Әбілхан