Кез келген асүйге қажет 10 дәмдеуіш

Кез келген асүйге қажет 10 дәмдеуіш
Фото: Tamanna Rumee, Unsplash.com

Барлық тамаққа дәмдеуіштер қолданылады. Кез келген рецепттен «дәміне қарай тұз бен қара бұрыш қосыңыз» деген стандартты ұсыныс көресіз. Сондықтан бұл екі дәмдеуішті барлық асүйден табуға болады. Бұл екеуінен басқа төмендегі 10 дәмдеуішті алып қойсаңыз, оларды түрлі тамақтарға қосып тәжірибе жасай аласыз.

Хош иісті бұрыш (душистый перец)

Ол ағылшын тілінен сөзбе-сөз «барлық дәмдеуіштер» деп аударылады. Оның олай аталуының себебі бұрышта қалампыр, даршын, мускат жаңғағы және қара бұрыштың дәмі мен хош иісі бар.

Ол бұршақ күйінде де, ұнтақталған күйінде де сатылады. Бұршақ күйіндегі түрін тұзды тамақтарға, мысалы, рагу, сорпа, ет маринадтары мен тұздықтарына қосады. Ал ұнтақталған түрін тәтті тамақтарға, мысалы, алма бәліші немесе кекстерге салуға болады.

Лавр жапырағы

Лавр жапырақтары күшті хош иіске ие. Ол тамақтарға ащылау дәм мен хош иіс сыйлайды. Оны тамаққа бүтіндей немесе ұнтақтап салуға болады. Бірақ ұнтақталған күйінде ол өзінің хош иісін жылдам жоғалтады.

Оны рагу, сорпа, маринад, барлық мүмкін гарнир, тауық, ет және теңіз өнімдерінен жасалған тамақтарға қосуға болады. Тамақ піскен кезде лавр жапырақтарын одан алып тастау ұсынылады, себебі ол тамақта тұра берсе, оны қатты ащы етіп жібереді.

Кумин (зира)

Бұл дәмдеуіш үнділік карри тағамының міндетті ингредиенті. Оны тұтас күйінде қолдануға болады. Сондай-ақ оны қуыру немесе ұнтақтау арқылы дәмін күшейтеді.

Оны етті тамақтарға, тауықтан жасалатын тамақтарға, маринадтарға салады. Дәмдеуішті тамаққа қосарда жарамдылық мерзімін тексеріңіз, себебі ол өте ұзақ сақталса, ащы дәм шығара бастайды.

Даршын

Даршынды өндіру процесі қиын, сондықтан жиі оның орнына жақын туысы — кассия тұқымдастығы ағашының кептірілген қабығын береді. Даршынды оның нәзік дәмі ерекшелейді. Даршын қатты түтікше және ұнтақталған түрінде болады. Оның таяқша түрін алу ұсынылады, себебі ол өзінің хош иісін ұзаққа дейін сақтайды.

Оны тәтті де, тұзды да тамақтарға қосуға болады. Ол етті тағамдармен, маринадтармен және десерттермен жақсы үйлесім табады. Сондай-ақ оны сусындарды және шайларды хош иістендіру үшін қолданады.

Қалампыр

Қалампыр ағашының кептірілген бүршіктері тамаққа ерекше хош иіс сыйлайды. Бірақ оған жауапты эфир майлары жылдам ұшып кетеді, сондықтан оны сатып аларда немесе тамаққа қосарда сапасын тексерген жөн. Ол үшін суы бар ыдысқа дәмдеуішті салыңыз. Сапалы дәмдеуіштің қалпағы жоғары қарайды, ал сапасы төмен түрі горизонталь балқып жүреді.

Жоғары температураларда қалампырдың хош иісі бұзылады, сондықтан ол ұзақ жылулық өңдеуді қажет ететін тамақтармен жақсы үйлеседі. Оны сорпа, етті тағам, тұздық, маринад, пісірме және сусындарға қосуға болады.

Кардамон

Кардамонға жалбыз бен лимонға ұқсайтын күшті иіс тән. Ұнтақталған күйінде оның хош иісі жылдам ұшып кетеді, сондықтан оның бұршаққын түрін алып, қолданар алдында оны тазартып, ұнтақтап алған дұрыс.

Кардамон — көптеген тамақтармен және сусындармен үйлесетін әмбебап дәмдеуіш. Оның жалғыз кемшілігі — бағасы. Кардамон әлемдегі ең қымбат дәмдеуіштер қатарына кіреді.

Күнзе дәні

Күнзе дәні тәтті, қышқыл және цитрусты ноталарға ие. Ол да ұнтақталған күйінде өзінің дәмдік қасиеттерін жылдам жоғалтатындықтан, оны дән түрінде алып, тамақ пісірер алдында ұнтақтап алуға болады.

Бұл барлық тамаққа келетін әмбебап дәмдеуіш: етті тамақтар, маринадтар, пісірмелер. Дәмдеуіштің дәмін күшейту үшін оның дәндерін табаға қуырып алуға болады.

Мускат жаңғағы

Ол дүкендерде ұнтақталған күйінде немесе қасында үккіші бар жаңғақ күйінде сатылады. Әрине, екінші түрі тамақ пісірер алдында ғана ұнтақталатындықтан, хош иісін жақсы сақтайды.

Әдетте, мускат жаңғағын контитерлік өнімдер пісіруге пайдаланады. Алайда ол крем-сорпаларды, кілегей тұздықтарын және пюрелерді жақсы толықтырады.

Гүлшетен

Гүлшетен құрғақ және балғын түрінде де түрлі тағамдар дәмін толықтырады. Дәмдеуіштің дәмі ерекше және ол жылулық өңдеу кезінде өзінің хош иісін жоғалтпайды.

Оны нан өнімдеріне, салындыларға, етті маринадтауға қосуға болады. Егер кәуап дайындау кезінде оны шоққа салсаңыз, тамаққа гүлшетеннің хош иісі сіңеді.

Қызыл бұрыш

Ұзаққа дейін таусылмайтын дәмдеуіштердің бірі — қызыл бұрыш. Себебі оны тамаққа өте аз салсаңыз да, ол тамақты ащы етіп жібере алады. Қалауыңызға қарай, оны кез келген тамаққа қоса аласыз.

А. Жапатова