Күніне неше жұмыртқа жеуге болады?

Күніне неше жұмыртқа жеуге болады?
Фото: Louis Hansel, Unsplash.com

Жұмыртқа — жануар ақуызы мен дәрумендерге бай пайдалы өнім. Ол толыққанды таңғы ас дайындауға, жаттығудан кейін жеуге және диеталық өнім ретінде қолдануға келеді. Ол — жеңіл сіңетін ақуыздың,  майда еритін дәрумендердің және Омега-3 майлы қышқылдарының нағыз көзі. Жұмыртқада А, D, E, K және В тобының дәрумендері, темір, мыс және мырыш бар. Бірақ оны күнде жеуге бола ма?

Жұмыртқа иммунитетті көтереді, артериялық қысымды қалыпқа келтіреді, жүйке жүйесін қорғайды және артық салмақпен күресуге көмектеседі. Ол — ағза жасушаларының құрылысына қажетті протеиннің қолжетімді көзі. Жұмыртқа құнарлы және калориясы көп емес. Сондай-ақ жұмыртқада мидың жақсы жұмыс істеуіне қажетті лецитин бар.

Бірақ көпшілікті жұмыртқадағы жануар холестерині қорқытады. Алайда көптеген зерттеулер қандағы холестерин шоғырына жұмыртқаның сарысы аса әсер етпейтінін дәлелдеді. Жұмыртқада қандағы жақсы холестеринді арттыратын фосфолипидтер көп.

«Зиянды» тағамдық холестерин қайта өңделген өнімдерде болады: шұжықтар, етті деликатестер, кондитерлік өнімдер, тәтті пісірмелер, дайын құрғақ таңғы астар, қытырлақ картоп.

Егер қан анализіңіз холестериннің жоғары екенін көрсетсе, жұмыртқаны аптасына 2-3 рет жеңіз. Ал сау адам үшін күніне 1-2 жұмыртқа жеу қалыпты саналады. 

Суға қайнаған жұмыртқаны жеген пайдалы. Сол кезде оның пайдалы заттары 90% сақталады. Егер суға піскен жұмыртқаны жақсы көрмесеңіз, пашот түрінде немесе оны көкөністермен қуырып жеңіз. Кей адамдар жұмыртқаны шикілей ішеді, алайда шикі жұмыртқа сальмонелла жұқтырып алу қаупін арттырады.

Бұлшықет массасын арттырғысы келетіндер және спортшылар жұмыртқаны күніне 3-4 немесе одан да көп жеуі мүмкін. Мұндай кезде оның сарысын азайтып немесе мүлдем алып тастап, ағын жеу ұсынылады. Кейде, мысалы, омлет дайындағанда, 3 жұмыртқаның ағы мен 1 сарысын қолдануға болады.

А. Жапатова