Қыста балықты жиі жеуге 5 себеп

Қыста балықты жиі жеуге 5 себеп
Фото: crello.com

Балық пен теңіз өнімдері бұрыннан толыққанды тамақтану рационының маңызды құраушысы саналады. Дәрігерлер оны аптасына 2-3 рет жеуді ұсынады. Қыста адам ағзасы дәрумендер мен пайдалы майларды ерекше қажет ететінін білеміз. Ендеше, суық мезгілде балықты жиі жеудің пайдалы тұстарын ұсынамыз.

Иммунитетті қатайтады
Жыл бойы иммунитеттің мықты болғаны жақсы. Алайда, қыста вирустық аурулар кең тарайтындықтан, адамдар осы мезгілде иммунитетті көтеруге аса мән беретіні рас. Балық иммунитетті күшейтетін қасиеттері бар селенге бай. Бұл минерал жетіспесе, ағзаның иммунды реакциясы баяулайды. Сондықтан адам вирустардың «шабуылына» жауап беріп үлгермейді де, ауырып қалады. Селен иммунды глобулинннің түзілуіне себепші болады және ағзаны вирустар мен ауру тудырушы бактериялардан қорғайды. Жалпы бұл минерал балықтар мен теңіз өнімдерінің барлық түрінде кездеседі, бірақ ол ақ сұрыптыларының құрамында көп.

Ми жұмысын ынталандырады
Дала көбіне ылғал, суық және қараңғы болғандықтан жұмысқа назар аудару қиынырақ. Мұндай жағдайды омега-3 майлы қышқылдарына бай балықты уақытылы жеу жеңілдете алады. Бұл пайдалы майлар ми жасушаларында жарғақшалар құру үшін және қабыну реакцияларының алдын алу үшін қажет екені ғылыми дәлелденген. Олар есте сақтау мен зейін қоюды жақсартады, жұмысқа қабілеттілікті арттырады. Омега-3 кез келген балықты4 құрамында болса да, мамандар қыста олардың майлы сұрыптарына мән беруді ұсынады.

Жүректі қорғайды
Омега-3 майлы қышқылдары тек миға емес, сондай-ақ жүрекке де өте пайдалы. Олар жүрек бұлшықетін қатайтады және қан тамырларды иілгіш етеді. Сонымен қатар, омега қандағы холестерин деңгейін бақылауға көмектеседі: олар «жаман» холестериннің өңделуіне кедергі келтіріп, оның «жақсысының» түзілуіне себепші болады. Осылайша, ол жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алады.

Тері жағдайын жақсартады
Қыста жылытқыштар қосылатындықтан, тері құрғақ бола түседі. Омега-3 майлы қышқылдары А дәруменінің қолжетімділігін арттырады. Мысалы, өсімдік көздерінде ол бета-каротин түрінде кездеседі, оны А дәруменіне түрлендіру қажет болады. Ал майлы балықта ол ретинол түрінде қолдануға дайын келеді. Ретинол — тері саулығы мен жастығына қажетті маңызды дәрумен: ол теріні қоректендіреді, кемшіліктермен күреседі және қартаю процесін баяулатады.

Ұйқыны жақсартады
Қыста көпшілік өздерін жиі әлсіз сезінеді. Адам өзін жақсы сезіну үшін жақсы ұйықтау керек. Дұрыс ұйқы ағзадағы D дәруменінің мөлшерімен тікелей байланысты. Бұл дәрумен суық мерзімде көпшілікте аз болатыны рас. Балықты жиі жеу D дәрумені жетіспеушілігінің орнын толтыра алады және ұйқыны реттейді. Соның нәтижесінде, өзіңізді күні бойы сергек сезінесіз.

А. Жапатова