Дұрыс тамақтану: Үйреншікті тағамдарды немен алмастырамыз?

Дұрыс тамақтану: Үйреншікті тағамдарды немен алмастырамыз?
Фото: crello.com

Дұрыс тамақтану қиын емес. Ол үшін кей азық-түлікке балама тауып, тағамдық әдеттерді аздап өзгерту жеткілікті. Осы материалда көпшілікке үйреншікті кей азық-түлікті қандай өнімдермен ауыстыруға болатынын ұсынамыз.

Сиыр сүтінен дайындалған ірімшікті ешкі сүтінен жасалған ірімшікке ауыстырыңыз.

Біріншіден, бұл мәзіріңізді түрлендіреді және үйреншікті тамақтардың дәмін жақсы жағына өзгертеді. Екіншіден, сиыр сүтінен дайындалған ірімшік — ауыр өнім, оны ағза нашар сіңіреді. Ал ешкі немесе қой сүтінен дайындалған ірімшікті ағза жақсы сіңіреді және ол асқазанға пайдалы.

Ақ шоколадты оның қара түріне ауыстырыңыз.

Құрамында какао мөлшері 70%-дан асатын қара шоколад ми жұмысын арттырады, көңіл күйді жақсартады және ол антиоксиданттарға бай. Сондай-ақ мұндай шоколадтың жемістер немесе жаңғақтар қосылмаған түрін таңдасаңыз, әдетте, оның калориясы төмен келеді. 

Нанды тұтас дәнді қытырлақ нанға (хлебцы) ауыстырыңыз.

Ақ ұннан дайындалған жаңа піскен нан қаншалықты тартымды көрінсе де, ол дене сымбаттылығы мен күшіңіздің негізгі жауы екенін ұмытпаңыз. Нан сатып аларда оның құрамына мән беріңіз. Оның құрамында ақ ұнның мүлдем болмағаны немесе оның ингредиенттер тізімінің соңында тұрғаны жөн. Нанның орнына толықтай қытырлақ нанға көшкен жақсы: оның калориясы аз және ол ағзаға пайдалы.

Тұздықтарды лимон мен дәмдеуіштерге ауыстырыңыз.

Жасыл жапырақтардан және көкөністерден дайындалатын салаттар дәмді болуы үшін маймен немесе калориясы көп тұздықтармен араластыру міндетті емес. Тұздықтарды дұрыс үйлестірілген дәмдеуіштер мен лимон суы оңай ауыстыра алады. Бастысы — сүйікті үйлесімді табу. Мысалы: қара бұрыш, насыбайгүл, гүлшетен және лимон.

Таңғы асты негізгі тағамға айналдырыңыз.

Күннің басында асқорыту жүйесі 100% жұмыс істейді, сондықтан ол таңғы аста жеген барлық тамақты оңай қорыта алады. Орташа есеппен оған 6 сағат кетеді. Яғни, егер таңертең сағат 8:00-де таңғы ас ішіп алсаңыз, шамамен түскі 14:00-де барлық өнімдер сіңіп, асқорыту жүйесі қайтадан қарқынды жұмысқа дайын болады. Алайда бұл уақытта оның белсендігі 20%-ға төмендеп, тамақты қорыту процесі 8 сағатқа дейін артады. Кешке асқорыту жүйесінің белсенділігі 60%-ға төмендейді де, тамақты қорыту 12 сағатқа дейін созылып кетеді. Бұл дегеніміз кешке жеген тамақ ұйықтау кезінде сіңеді. Нәтижесінде, асқорыту жүйесі толықтай демала алмайды, сол үшін келесі күні таңертең өзіңізді нашар сезінесіз, жалпы шаршаңқылық бой алады және желінген тамақ майға түседі. Сондықтан да таңғы аста тойымды әрі құнарлы тамақ жеп, кешкі аста жеңіл тамақтанған дұрыс.

А. Жапатова