Мультипісіргішті қолдану: 7 қателік

Мультипісіргішті қолдану: 7 қателік
Фото: freepik.com

Мультипісіргіш – тамақ пісіруге уақыты аз адамдарға арналған тиімді құрал. Оның көмегімен артық күш пен уақыт жұмсамай-ақ өте дәмді ыстық тағам дайындауға болады. Бірақ оған дайындаған тамағыңыз дәмді шығу үшін төмендегі қателіктерді жібермеңіз.

1. Мұздатылған өнімдерді салу

Интернетте мультипісіргішке мұздатылған өнімдерді сала беруге болады деп жазады. Мультипісіргіш мұздатқыштан жаңа шыққан өнімдерді пісіре алады. Бірақ ол денсаулыққа қауіпті және ол тағам ұзақ дайындалады. Мультипісіргіште өнімді жібітуге біраз уақыт жұмсайсыз: бұл уақытта өнімдер дұрыс бұқтырылмайды. Сол себепті тамақтан кейін уланып қалуыңыз әбден мүмкін. Мұздатылған өнімді алдымен бөлме температурасында жібітіп алып, содан соң ғана одан тамақ істеген жөн.

2. Сұйықтықтың көп болуы

Газға тамақ пісіріп үйреніп қалғандар көбіне осы қателікті жібереді. Газға пісірген тамаққа суды көп құйып, оны қайната келе қажет мөлшерге дейін азайтып алу оңай. Ал мультипісіргіш төмен температурада және баяу жұмыс істейді. Сондықтан оған суды әлдеқайда азырақ қолдану керек. Мультипісіргішке тамақ істегенде булану болмайды, сондықтан судың артық болуы тамағыңызды дәмсіздеу етеді.

3. Ингредиенттерді ретсіз салу

Көпшілік қақпағы жабық тұрған мультипісіргіштің ішіндегі барлық азық-түлік бірдей піседі деп ойлайды. Бірақ ол қате пікір. Бұл құралдың қыздырғыш элементі төменде орналасқан. Сондықтан астына салынған ингредиент бірінші қыздырылады және басқаларына қарағанда жылдамырақ дайын болады. Бұл дегеніміз, мультипісіргіштің түбіне ұзақ пісетін өнімді салу керек. Сол үшін ең астына ет, картоп, сәбізді салып, бетіне консервіленген немесе қуырылған көкөністерді және жармаларды салу қажет.

4. Қақпағын қайта-қайта ашу

Мультипісіргіште қандай тамақ дайындалып жатпасын одан шыққан хош иіс міндетті түрде үйдің бәрін алып кетеді. Сондықтан отбасы мүшелері оның қалай пісіп жатқанын көргісі келіп, кезекпен-кезек қақпағын ашады. Бірақ олай істеуге болмайды. Мультипісіргіштің қақпағы ашылып-жабылғаннан кейін ол қажетті температураға ұзақ келеді. Сондықтан тамақ қойған уақыттан да ұзағырақ піседі.

5. Етті қуырмау

Мультипісіргіште пісіруге болатын тағамдардың рецептілерінде, көбіне етті алдын ала қуырып салу ұсынылады. Етті қуырмай да салуға болады. Бірақ рецептте ұсынылғандай қуырып салсаңыз, тағамыңыз өте дәмді болып шығады.

6. Дәмдеуіштерді ерте салу

Мультипісіргіште тамақ ұзақ бұқтырылып дайындалады. Сондықтан дәмдеуіштерді тамақ пісуге аз қалғанда салған жөн. Егер ерте салсаңыз, олар ұзақ термиялық өңдеуден соң сыртқы түрін де, дәмін де кетіріп алуы мүмкін.

7. Сүтті өнімдерді ерте салу

Сүтті өнімдерді қатты немесе ұзақ қыздырса, олар өздерінің қасиеттерін жоғалтып алады. Сондықтан сүт, ірімшік, кілегей, қаймақ немесе балқытылған ірімшікті тамақ дайын болуға 20-30 минут қалғанда салған жөн. Егер оларды басында салып жіберсеңіз, олар тамақтың дәмін бүлдіріп жіберуі әбден мүмкін.

Мультипісіргіш таңдауға қажет кеңестер

А. Жапатова