- Негізгі бет
- Аспаздық
- Ас үй ханшайымдарына...
Ас үй ханшайымдарына арналған пайдалы кеңестер #1
Әйелдер үшін ас үй бөлмесі – ең көп уақыт өткізетін мекен. Жақындарымызға дәмді тағам жасау үшін және уақытты тиімді пайдалану үшін ас үй құпияларын біліп алу артықтық етпейді.
1. Сарымсақты жылдам тазарту
Сарымсақты, әсіресе, оның ұсақ түрлерін тазарту – жағымсыз процесс. Себебі сарымсақтың қабығы оның өзіне де, қолға да шырыштанып жабыса береді. Сарымсақтарды тез тазарту үшін оларды әйнек құтыға салыңыз да, оны қақпақпен немесе алақаныңызбен жабыңыз. Содан соң оны қатты шайқаңыз. Бұл әдіс арқылы сарымсақ қабықтарының көп бөлігінен бірнеше минут ішінде арылуға болады.
2. Сорпаны тасытпау
Бұл әр ас үй ханшайымына міндетті түрде керек болатын пайдалы кеңес. Әдетте, сорпа бір қайнап кеткенше оны үнемі бақылап, айналасында жүреміз. Аз уақытқа ас үйден шығып кетсеңіз болғаны, сорпа, ботқа немесе сүт бірден қайнап, тасып кетеді. Мұндай жағдай орын алмас үшін кәстрөлдің қақпағын жаппай, оның үстіне ағаш қасықты көлденеңінен қойып қойыңыз.
3. Сорпаның тұзын азайту
Сорпаны немесе борщты байқамай қатты тұздап жіберсеңіз, уайымдамаңыз, бұл жағдайдан шығудың жолы бар. Кішкене дәке бөлігін алыңыз да оған кез келген жарманы салыңыз. Дәкені буып, тұзы көп тамағы бар кәстрөлге салыңыз. Арасында сорпаның тұзға дәмін көріп тұрыңыз. Соңынан жармасы бар дәкені алып тастайсыз. Жарма артық тұзды өзіне сіңіріп алатын қасиетке ие.
Жарылған жұмыртқаны пісірудің 3 әдісі
4. Тамақты дәмді етіп қуыру
Етті немесе көкөністерді қуыру кезінде ол дәмді әрі шырынды болып шығуы үшін оған ең басында 1 шай қасық қант салып жіберу жеткілікті. Ол көкөністердің дәмін одан әрі күшейтеді.
5. Аппақ күріш пісіру
Суға күрішті қайнатқан кезде ол аппақ болып шыққанын қаласаңыз, оны дайындау кезінде оған бірнеше тамшы сірке суын құйыңыз.
6. Мөлдір мұз қатыру
Мұз текшелері таза әрі мөлдір көрінуі үшін оны қатырар алдында тек қайнаған су қолданыңыз. Суды бірнеше рет қайтара қайнатуға да болады.
7. Лимон суын жылдам сығу
Лимоннның немесе басқа да цитрусты жемістің суын шығару оңай болуы үшін оны алдымен үстелдің үстімен алақанмен қатты басып айналдырып алыңыз.
8. Зімбір тамырын тазарту
Зімбір тамырын пышақпен тазарту қиындық тудырса, оны қасықпен тазартыңыз. Ол үшін оны қасықпен қырып шығасыз.
9. Балмұздақтың жұмсақ күйін сақтау
Балмұздақты мұздатқышта сақтаған кезде ол тастай болып қатып қалады. Оның кішкене бөлігін кесіп алу үшін бүтін балмұздақты мұздатқыштан біраз уақытқа шығарып қою керек болады. Балмұздақ мұздартқышта да табиғи жұмсақ күйінде тұруы үшін оны полиэтилен пакетке салып сақтаңыз. Сондай-ақ бұлай ол дәмдік қасиетін де жақсы сақтайды.
Сорпаны дәмсіз ететін 7 қателік
10. Жұмыртқаны кесу
Жұмыртқаны оның сарысының бүтіндігін сақтап, әдемі етіп кесу үшін пышақ жүзін суық суға сулап алыңыз.