Сорпа – ас қорытуға пайдалы тағамның бірі. Оның түрлері де көп: тойымды, жеңіл, диеталық, қышқыл, ет және көкөніс қосылған сорпа. Әртүрлі ингредиенттерді үйлестіру арқылы ерекше дәм алуға болады. Бұл тағам әр үйде күнде немесе екі күннің бірінде дайындалады. Алайда сорпаны дайындау оңай болса да, көпшілік оның дәмін бұзатын қателіктер жібереді.
1. Сорпаға дайын қоспа қолдану
Дүкенде сатылатын тауық текшелерінен дайындалған сорпа дәмі мен иісі жағынан балғын ингредиенттерден жасалған сорпаға жетпейді. Сорпаға барынша табиғи өнімдерді қолданған жөн. Сол кезде сорпаның дәмі де, иісі де күштірек болады. Сондықтан сорпаға арналған дайын қоспаның орнына көкөністердің өзін пайдаланыңыз.
2. Сорпаға ингредиенттердің барлығын (не бірнешеуін) бірден салып жіберу
Сорпа ингредиенттері әртүрлі уақытта піседі. Сорпа дайындағанда оған салатын өнімдерді рет-ретімен, әсіресе, пісу уақыты бойынша салу керек. Алдымен етті пісіріп, оны шығарып қоясыз. Содан соң сорпаға пияз бен сарымсақты қуырып (қуырмай-ақ та салуға болады) саласыз. Содан соң пісу уақытына қарай көкөністерді арасына уақыт салып біртіндеп салу керек. Сорпа пісуге 10-20 минут қалғанда макарон (кеспе) немесе дәндер салынады. Піскен етті соңынан салып бересіз немесе бөлек ұсынасыз.
3. Сорпаның астындағы отты қатты ашып қою
Хош иісті сорпа шығу үшін оттың қарқындын бақылау керек. Температура жоғары болмауы керек. Сол кезде сорпа қатты қайнамайды, ал ингредиенттер біртіндеп араласып, сорпаға өз дәмдері мен хош иісін береді. Оның үстіне қатты қайнаған сорпаның сұйығы азайып қалады.
4. Кеспе немесе дәнді дақылдардың езіліп кетуі
Сорпаның ішіндегі күріш және қарақұмық сияқты дәнді дақылдары немесе макарондық өнімі езіліп кетсе, тағамның дәмі ойдағыдай шықпайды. Сондықтан дәнді дақылдарды сорпа дайын болуға 20 минут қалғанда, ал макарон өнімін 10 минут қалғанда салған жөн.
5. Сорпаға дәмдеуіштерді ерте салу
Адамдардың көпшілігі дәмдеуіштерді сорпаға өте ерте салып тастайды. Сосын сорпа дайын болып қалғанда оның ащылау болып кеткенін байқайды. Сорпадағы ингредиенттер біраз қайнағаннан кейін ғана өз дәмдерін бере бастайды және ол уақыт өте қанығырақ бола түседі. Сондықтан сіз дәмдеуіштерді басында салып тастасаңыз, ол көкөністердің қанық дәмімен қосылып, әсері күшейе түседі. Сол үшін дәмдеуіштерді сорпа дайын болып қалған кезде салған жөн. Тұзды да басында аздап қана салып, сорпа пісуге қалғанда дәміне қарай тағы кішкене қосуға болады.
6. Сорпаға сүт өнімдерін көп қосу
Кілегейлі сорпаны жақсы көретін адамдар сорпаның дәмі қанық болуы үшін кілегей, қаймақ, йогурт немесе ірімшікті көбірек қосқан дұрыс деп ойлайды. Алайда сүт өнімі көп қосылған сорпа жоғары температураны нашар көтереді: қыздырған кезде сорпа іріп кетеді немесе қышқылданады. Сондықтан мұндай сорпаға келгенде "қаншалықты көп болса, соншалықты дәмді болады" деген ережені ұстанбаған жөн.
7. Сорпаны безендірмеу
Дастарханға сорпаны қоярда оны безендіруді әдетке айналдырыңыз. Себебі ол да сорпаға ерекше дәм сыйлайды және тәбетті ашады. Сорпаның түріне қарай өзіне сай безендіруі болады. Мысалы, сорпаны безендіруге қытырлақ нан бөліктері, кепкен немесе балғын шөптер (аскөк, ақжелкен, көк жуа және т.б), үккіштен өткізілген ірімшік, күнжіт және т.б ингредиенттерді қолдануға болады.