- Негізгі бет
- Аспаздық
- Құрманы жақсы көруге...
Құрманы жақсы көруге 5 себеп
Құрма – көпшіліктің сүйікті қысқы жемісі. Біреулер оның жұмсақ әрі шырынды түрін, ал басқалары қатты сұрыптарын ұнатады. Бұл жеміс дәруменді микроэлементтерге бай және көптеген пайдалы қасиеттерге ие. Оның құрамында глюкоза мен фруктоза мол болғандықтан 2-3 құрманың өзіне-ақ тойып қаласыз. Құрманың пайдалы қасиеттеріне жеке тоқталайық.
Терінің жалпы жағдайын жақсартады
Құрма теріні сергітеді және балғын етеді. Ол қартаюдың бастапқы белгілерімен де күреседі. Бетке арналған маскалардың көбісіне бұл жемістің сығындысы қолданылады. Үйден өзіңіз жасауға болатын маскалардың рецептілері де көп. Мысалы, құрманың еті мен жұмыртқаның сарысынан жасалған масканы безеу шығуға бейімді теріге қолдануға болады. Ал теріні сергіткіңіз келсе, құрманы үккіштен өткізіп, оны тең үлесте қаймақпен араластырыңыз. Пайда болған қоспаны бет терісіне жағып, 15-20 минутқа қалдырыңыз. Содан соң жылы сумен шайып тастаңыз. Масканы жасарда оны кішкентай тері бөлігіне жағу арқылы аллергиялық реакцияға тексеріп алыңыз.
Қыс мезгіліне арналған маскалар
Қан тамырлар жұмысын қалыпқа келтіреді
Қала тұрғындарына аса қауіпті емес, бірақ жағымсыз вегето-тамырлы дистония деген ауру таныс. Қысым, бас сақинасы, артериялық қысым өзгерістері – мегаполисте өмір сүрудің салдарлары. Олардың алдын алуға құрма көмектеседі. С және Р дәрумендеріне бай құрма қан тамырларға жағымды әсер етеді. Сонымен қатар дәрігерлер тамырлардың түйнеліп кеңеюімен (варикозды аурулар) және тіс қанауымен қиналатын адамдарға құрма жеуге кеңес береді.
Күйзеліс пен анемия кезінде көмектеседі
Құрма темірге бай. Сондықтан оның шырынын анемия кезінде тамақ ішер алдында 50-100 мл-ден күніне 2 рет ішу ұсынылады. Құрма шырыны жүйке жүйесіне күйзеліспен күресуге көмектеседі. Егер қыс бойы осы жемісті уақытылы жеп тұрсаңыз, күні бойы қуатты және жақсы көңіл күймен жүресіз.
Жүрек ауруларына көмектеседі
Құрмада ең көп калий мөлшері бар, сондықтан ол жүрек-қан тамырлар ауруымен қиналатын адамдарға өте пайдалы. Егер жүрек ауруының алдын алғыңыз келсе немесе жүрек ауруларын жеңілдеткіңіз келсе, күніне 3-4 құрмадан жеген жөн.
Қатерлі ісік ауруларының пайда болу қаупін азайтады
Өзінің қызғылт сары түсінің арқасында құрма бета-каротиннің жоғары пайызына ие. Бета-каротин – жасушалар құрылымын бұзатын бос радикалдармен күресетін мықты антиоксидант. Дәрігерлер қатерлі ісік ауруларының алдын алу үшін құрамында бета-каротині бар жемістер мен көкөністер жеуді ұсынады. Оларға қызғылт сары түсті жемістер мен көкөністер, мысалы, апельсин, сәбіз, шырғанақ (облепиха), құрма және т.б жатады.
Ал құрманы кімдерге жеуге болатынын және болмайтынын мына жерден оқи аласыздар.
А. Жапатова