Бұл тағамды жасыл борщ немесе қымыздық (щавель) сорпасы деп атайды. Адамдардың көпшілігі көктемде дәрумен жетіспеушілігінен өзін әлсіз сезінеді. Сондықтан тамақтану тәртібіңізде дәруменге толы тағам болуы тиіс. Солардың бірі жасыл борщ. Оның құрамындағы қымыздықтың көптеген пайдасы бар. Қымыздықтың жапырағында аскорбин қышқылы, В тобының дәрумендері, калий, кальций және магний болса, тамырында темір мөлшері көп. Сондықтан оны халық медицинасында көп қолданады. Ендеше, осындай пайдалы ингредиенттен дайындалатын сорпаның жасалу жолын ұсынамыз. Қажетті азық-түлік: ет; 2 л сорпа; 1 пияз; 1 сәбіз; 2-3 картоп; 3 піскен жұмыртқа; 150-200 гр қымыздық (щавель); көк жуа, аскөк, ақжелкен; 1 лавр жапырағы, тұз, қара бұрыш. Алдымен етті қайнатамыз. Бұл сорпаға кез келген етті қолдануға болады. Біз тауық етін пайдаландық. Ет піскен соң, оны төртбұрышты етіп турап, қайтадан сорпаға саламыз. Бұл айтылған ингредиенттер шамамен 2-2,5 л сорпаға арналған. Етін салған соң, сорпаға дәміне қарай тұз, қара бұрыш және 1 лавр жапырағын саламыз. Пияз бен сәбізді ұсақ төртбұрышты етіп турап, сорпаға салып, 10 минуттай қайнатамыз. Картопты да төртбұрышты етіп турап, сорпаға саламыз. Суға піскен жұмыртқаны тураймыз. Қымыздықты ұсақтап тураймыз. Аскөк, ақжелкен және көк жуаны тураймыз. Сорпаның картобы дайын болған кезде, оған жұмыртқа, қымыздық және аскөктерді салып, 5-10 минут шамасында қайнатып, отты сөндіреміз. Сорпаның тойымды болғанын қаласаңыз, картобы мен жұмыртқасын көптеу етіңіз немесе аздап күріш қосыңыз. Жасыл борщ дайын! Оны қаймақпен ұсынады.