- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Сүзбе...
Массагеттен мәзір: Сүзбе қосылған тоқаш
Сүзбе қосылған тоқаштың (сочник) қамыры үгілмелі, ал салындысы тәтті болып келеді. Сүзбенің денсаулыққа пайдасы көп екендігін білсе де, адамдардың көпшілігі оның өзін жей алмайды. Сондықтан қантын аз салып, сүзбе қосылған тәттілер пісіруге болады.
Қамырға қажетті азық-түліктер:
- 210 г ұн;
- 1/4 шай қасық тұз;
- 1/2 шай қасық қопсытқыш;
- 100 г кілегей (сливочный) маргарині;
- 1 жұмыртқа;
- 40 г қант;
- 1 шай қасық ваниль қанты.
Салындыға қажетті азық-түлік:
- 200 г сүзбе;
- 30 г қант;
- 1 шай қасық ваниль қанты;
- 2 ас қасық ұнтақ жарма (манка);
- 1 жұмыртқаның ағы.
Ұнға тұз бен қопсытқышты салып, араластырып қоямыз.
Басқа ыдысқа кілегей маргаринді, қант пен ваниль қантын салып, барлығын жақсылап араластырамыз.
Оған жұмыртқаны салып, тағы да араластырамыз.
Осы екі қоспаны араластырып, қамыр дайындаймыз. Қамырды пакетке орап, тоңазытқышқа 30 минутқа қоямыз.
Салындыны дайындау үшін сүзбеге қант, ваниль қантын және ұнтақ жарма салып, барлығын жақсылап араластырамыз. Егер сүзбеңіз өте құрғақ болса, аздап қаймақ қосуға болады.
Содан соң жұмыртқаның ағын қосып, тағы да араластырамыз. Салынды дайын!
Қамырды шұжыққа ұқсатып созып аламыз.
Қамырды бірдей бөліктерге бөлеміз.
Қамыр бөлігін жіңішке етіп илейміз.
Қамырдың бір жақ шетіне 1 ас қасық сүзбе салындысын саламыз.
Салындыны қамырдың екінші жартысымен жабамыз.
Тоқаштардың түсі әдемі болу үшін олардың беттеріне жұмыртқаның сарысын жағуға болады. Оларды 190 градуста қыздырылып тұрған пеште 20-25 минут пісіреміз.
Сүзбе тоқаштары дайын!
А. Жапатова