Массагеттен мәзір: Шоколад-жаңғақты кекс

Массагеттен мәзір: Шоколад-жаңғақты кекс
Фото: massaget.kz

Жылдам әрі қолжетімді ингредиенттерден дайындалатын пісірмелердің бірі – кекс. Қарапайым кекске ерекше дәм беру үшін оған жаңғақ түрлерін қосып дайындауға болады. Оған грек жаңғағын немесе өзіңіз ұнататын кез келген жаңғақ түрін салсаңыз болады.

Шамамен 20 кекске арналған қажетті азық-түліктер:

- 4 жұмыртқа;
- 200 гр қант;
- 180 гр кілегей маргарині;
- 4 ас қасық какао;
- 1,5 шай қасық қопсытқыш;
- 150 мл сүт;
- 280 гр ұн;
- 130 гр грек жаңғағы.

Кілегей маргаринін ыдысқа салып, орташа отқа қоямыз. Маргарин ерігенше, араластырып тұрамыз.

Маргарин еріген соң, оған сүт құямыз.

Одан соң, қант саламыз. 

Соңынан, какаоны салып, жақсылап араластырыңыз. Бұлғауды тоқтатпай, қайнайын деп жатырғанын көргенде, ыдысты оттан алып тастаңыз.

Қоспаның толықтай суығанын күту керек. Жылдам суу үшін оны басқа ыдысқа құйып қойсаңыз болады.

Грек жаңғағын арнайы ұсақтағышпен ұнтақтаңыз немесе пышақпен ұсақтап тураңыз.

Жұмыртқаларды шанышқымен араластырып аламыз.

Суыған қоспаға жұмыртқаларды салып, жақсылап араластырамыз.

Елеуіштен өткізілген ұн мен қопсытқышты салып, араластырамыз.

Соңынан грек жаңғағын салып, тағы да араластырамыз.

Қамырды арнайы ыдыстарға құйып, 180 градуста қыздырылған пеште 20 минут пісіреміз. Егер силикон емес, қаңылтыр ыдыстар болса, міндетті түрде оларды өсімдік майымен майлаңыз.

 Шоколад-жаңғақты кекстер дайын! Оларды қант ұнтағымен безендіруге болады. 

А. Жапатова