- Негізгі бет
- Аспаздық
- Әлемдегі ең дәмді...
Әлемдегі ең дәмді 10 тағам
«Ас – адамның арқауы». Қалай тауып айтылған сөз десеңізші! Кейде, осы тағамдар болмағанда қалай өмір сүрер едік деген ойға да қалып жатамыз. Осыдан сан мың ғасыр бұрын терімшілікпен айналысқан ең алғашқы адамдар табиғаттың дайын өнімдерін азық еткен болса, бүгінде жасанды тағамдардың алуан түрі бар. Тіпті атауларын шатастырып алып жатамыз. Әрине, бәрі де оның атында емес, затында жатыр. Осы орайда, әлемнің ең үздік деген аспаздары ақылдаса келе, «әлемдегі ең дәмді 10 тағамның» тізімін жасап шығарды. Олардың арасында сіз бен біз бұрын-соңды естімеген тағамдар да баршылық.
«Ең дәмді» деген тағамдарды таңдауға тек қана аспаздар қауымы емес, 35 мыңға жуық қарапайым халық та атсалысқан. Сонымен, әлем мойындаған теңдесі жоқ тағамдармен таныс болыңыздар!
Индонезия аспаздарының алтын қолдарынан шыққан Rendang - тағамдардың көшін бастап тұр. Көпшілік қауым оған «ең тамаша тағам» деген атақ таққан. Бұл тағам сиыр еті, лимон шөбі, сарымсақ, куркума, зімбір, бұрыш, чили қосылған сүтпен дайындалған.
Өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеуден тайсалмаған индонезиялық аспаздар екінші орынды да өз уыстарынан жібермеді. Олар ойлап тапқан Nasi goreng тағамы күріш, жұмыртқа, тауық етінің қоспасынан жасалған.
Өзінің алуан түрлі тағамдармен аты шыққан жапон халқының суши тағамы үшінші орынды оп-оңай иемденіп кетті. Теңіз өнімдерінен дайындалатын дәмді, зиянды құрамдас бөліктері жоқ, калориясы төмен бұл тағам – ағзаңызға өте пайдалы.
Төртінші орыннан Tom yam goong тағамы көрінді. Тайланд аспаздары жасаған бұл тағамның құрамында: асшаян, қозықұйрық, қызанақ, «лимон шөбі», лайм және көптеген дәмдеуіштер бар. Әдетте Tom yam goong тағамын дастарханға кокос сүтімен қосып әкеледі.
Ерекше тұздықпен дайындалатын тайлық Pad thai тағамы – бесінші орында тұр. Бұл тағам – тай асханасындағы негізгі тағамдардың бірі болып саналады. Оны тек қана етпен емес, тауық етімен, асшаянмен әзірлеуге болады. Pad thai тағамының негізгі ерекшелігі – дәмінің құбылмалы болып келуінде. Тағамды алғаш аузыңызға алғанда тәтті дәмді сезесіз, одан кейін қышқыл, ең соңында, өте ащы екенін байқайсыз. Бұл тағамды даярлауда тұздыққа аса көп мән беріледі.
Тайлық аспаздар алтыншы орынды да өз қанжығаларына байлап кетті. Som tam салаты жабайы құстардың етінен және өте сирек кездесетін дәмдеуіштерден әзірленеді.
Көптеген туристердің сүйіктісіне айналған гонконгтық тұшпаралар жетінші орыннан көріне алды.
Бұл байқаудан жапондық Рамэн тағамы да тыс қалмады. Сегізінші орынға шыққан бұл тағамды әлем халықтарының көпшілігі сүйіп жейді.
Peking duck («Пекин үйрегі») тағамын Пекин қаласынан жесеңіз ғана, тоғызыншы орынға лайықты екенін мойындайсыз. Өйткені, оны Пекин қаласында ғана ежелден келе жатқан дәстүр бойынша даярлайды. Тағам тарихы сонау Юань әулеті үстемдік еткен 1330 жылдардан бастау алады.
Әділқазылар алқасы ойлана келе, тағам әзірлеудің нағыз шеберлері атанған тайлық аспаздардың Massaman curry тағамына ең соңғы орынды лайық деп шешті. Карри тағамдары бүгінде ең дәмді ғана емес, ең танымал тағамдардың көшін бастап тұр.
Ал сіз «Ең дәмді» деген атақты қандай тағамға берер едіңіз?
Суреттер:fotolife-me.livejournal.com, listphobia.com,merkur-online.de,kovinov.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева