Миксерді қалай таңдаймыз?

Миксерді қалай таңдаймыз?
Фото: kitchendecorium

Миксер – ас үй ханшайымдарының өмірін жеңілдететін құралдың бірі. Бастысы, өзіңіздің тұрмыс қалпыңызға сай келетін миксер алыңыз. Миксердің түрлеріне және оны қалай таңдау керектігіне тоқталайық.

1-қадам. Миксер типін анықтау

Миксерлер 3 категорияға бөлінеді: қол, стационарлық және планеталық араластыру жүйесі бар стационарлық миксер.

Қол миксері – жинақтамасында екі араластырғышы (венчик) және екі ілмегі бар жеңіл әрі аз қуатты (200-500 Вт) құрал. Ол жұмыртқа, қаймақ, май және бисквитке арналған сұйық қамыр араластыруға жақсы келеді. Оның бағасы арзан болады, көп орын алмайды және жеңіл жуылады. Шағын тағам үлесін дайындауға ыңғайлы. Алайда оның қуаты тоқашқа арналған ашытқы қамыр немесе тұшпараға арналған қатты қамыр араластыруға жетпейді.

 

Стационарлық миксер (тұрмыстық түрі) – тостағаны, тіреуіші, миксері және араластырғышы бар стационарлық құрылғы. Бұл құрылғы сіздің көмегіңіссіз араластыра береді. Бастысы тостағанға қажетті ингредиенттерді салып, іске қосу батырмасын бассаңыз болғаны. Заманауи стационарлық миксерлерде қондырмасымен бірге тостағаны да бірге айналатындықтан, қоспа біркелкі болып шығады. Мұндай миксердің қуаты (400-700 Вт) көп болғандықтан, қатты қамырды да араластыра алады. Кей жағдайда миксерді тіреуішінен алып, қол миксері секілді қолдануға болады. Мұндай миксердің кемшілігіне бағасының қымбаттығын, көлемінің үлкендігін, қозғалтқыштың шуын жатқызуға болады. Сонымен қатар,оны келесі азық-түлікті өңдеу үшін тостағаны мен қондырмасын жуып отыру керек.

Планеталық миксер – қуаты жоғары (500-1200 Вт) стационарлық миксер. Оның қондырмасы планетаның айналу принципі бойынша қозғалады. Яғни, өзінің өсі бойынша және сол мезгілде тостағанның барлық шеңбері бойынша айналады. Соның себебінен аз уақыт ішінде керемет қоспа алуға болады. Егер сіз жиі және көп мөлшерде (мысалы, тапсырысқа торт пісірсеңіз) тағам дайындайтын болсаңыз, планеталық миксер сүйікті құрылғыңызға айналады. Кей планеталық миксерлер қосымша тетікпен жабдықталған. Мысалы, ет тартқыш, үккіш, қамыр жаймалау, ұсақтағыш немесе сусын сыққыш болуы мүмкін. Мұндай көп функциялы миксерді асүй комбайны немесе асүй машинасы деп атайды. Планеталық миксердің кемшілігіне бағасының өте қымбат болуы, үлкен көлемі және қатты дыбысы жатады.

2-қадам. Қуатына мән беріңіз

Миксер таңдауда міндетті түрде қуатына мән беріңіз. Көп жағдайда азық-түліктерді өңдеу жылдамдығы қуатына тәуелді болып келеді. Қуаты қаншалықты үлкен болса, құрылғы соншалықты көбірек қамыр араластыра алады. Сонымен қатар, қуаты көп құрылғы қымбат әрі электр энергиясын көбірек жұмсайды. Сұйық немесе жартылай сұйық қоспаны ғана араластыруға қол миксерінің қуаты 250 Вт болғаны жарайды. Стационарлық миксердің қуаты 500 Вт-тан төмен болмауы керек. Планеталық миксердің қуаты 600 Вт-тан төменін алмаңыз. Егер оны күнде қолданатын болсаңыз, 900 Вт-тан төменін қарамаңыз.

3-қадам. Корпус пен тостағанның материалына қараңыз

Арзандау стационарлық миксердің корпусын пластикадан, ал қымбаттарын тот баспайтын темірден дайындайды. Темір корпус ауырлығының себебінен нық болып келеді. Сондықтан тығыз қамырды араластыруға қорықпай сала бересіз. Миксер тостағанының пластикалық, әйнек немесе темір түрлері болады.

А. Жапатова