Арықтататын көкөністі коктейль түрлері

Арықтататын көкөністі коктейль түрлері
Фото: 1ZOOM.Me

Көкөніс коктейлі жақсы сіңімді және биологиялық белсенді болып келеді. Ол ағзаға пайдалы және арықтауға да көмектеседі.

Көкөніс коктейлін дайындаудың принциптері:

- коктейльде көк шөптер мен көкөністің қатынасы 2:3 болуы керек;
- сұйық консистенция алу үшін көкөніс пюресіне су қосу керек;
- көкөніс коктейліне жемістер мен жидектер қосуға болады;
- коктейль дайындауға көк шөптердің қою жасыл түсін таңдаған жөн.

Көкөніс коктейлінің түрлері

«Көк» көкөністі коктейлі. Мұндай коктейль қандағы «жаман» холестерин деңгейін түсіреді, ішектің жиырылуын күшейтеді, ішектегі жағымды микрофлораны қалпына келтіреді. Оны дайындау үшін салат жапырағы, саумалдық (шпинат), аскөк, ақжелкен және көк жуа қажет. Туралған күйінде олар 2-3 стақан шығу керек. Сонымен қатар 1 үлкен қияр мен 300 мл майлы емес айран қажет. Көкөністерді блендермен ұсақтап, оған айран құйыңыз. Коктейль дайын.

«Сәбіз» көкөніс коктейлі. Бұл коктейльді күнделікті ішсеңіз, көздің көргіштігін жоғарылатады және иммунитетті бекітеді. Мұндай коктейль дайындауға 0,5 кг сәбіз, пышақ ұшымен лимон қышқылы, 100 мл қарақат сусыны және қалауыңыз бойынша қант қажет. Тазартылған сәбізді үккіштің ұсағынан өткізіп, оған суық су құйып, бөлме температураында 1 сағатқа қойыңыз. Уақыт өткен соң, сәбіз ботқасынан сусынын сығып алыңыз. Ол сусынды қарақат сусынымен араластырып, лимон қышқылы мен қант қосыңыз.

«Бұрышты» көкөніс коктейлі. Ол зат алмасуды ретке келтіреді, ас қорыту жүйесін жақсартады, теріні жасартады және көру жүйесіне пайдалы болып келеді. Оны дайындауға 1 тәтті болгар бұрышы, 1 жасыл чили бұрышы, бірнеше балғын қызанақ, аздап лайм сусыны, тұз және қара бұрыш қажет. Туралған бұрыш пен қызанақты блендерге салып, езіңіз. Оған цитрус сусынын құйыңыз. Дайын сусынға дәміне қарай тұз бен қара бұрыш салыңыз.

«Қызанақ» коктейлі. Авитоминоздың (дәруменнің жетіспеушілігі) проблемасын шешеді, шөлді қандырады және іш қатуды болдырмайды. Сізге 5 қызанақ, 1 қияр, орташа буда аскөк және тұз қажет. Коктейльді дайындау үшін қызанақ пен қиярды бөліктерге бөліп, оларды аскөкпен бірге блендерге салып, езіңіз. Дайын пюреге сұйық болуы үшін аздап су құйыңыз. Оны өз қалауыңыз бойынша тұздаңыз. 

Жалғасы бар...

А. Жапатова