- Негізгі бет
- Аспаздық
- Уыз жайлы деректер...
Уыз жайлы деректер
Уыз — жаңа төлдеген малдың ең маңызды сүті. Бабаларымыз алғашқы 3-5 тәуліктегі осы сүтті пайдаланып, уыз тағамын дайындаған. Сары уызды енді ғана төлдеген малды бірінші рет сауғанда алады. Ал бір тәулік өткен соң сүттің маңыздылығы кеміп, ақ уыз пайда болады.
Ерекше қасиеттері
Уыздың нәрлілік қасиеті кәдімгі сүтті екі орап алады. Уыз құрамында антиоксиданттар өте көп. Сондықтан ол балаң ағзаның қорғаныш қасиеттерін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Анасының уызын тойып емген төл мықты болып өсіп, тез ширайды. Сондықтан қазақта «уызына жарымаған» деген сөз қалған. Бұл әлсіз және ауыршаң балаларға және төрт түліктің әлсіз төлдеріне де қатысты айтылады.
Көнеден қалған дайындау тәсілі
Қазақта уыздан дәмді тағамдар да дайындайды. Уызды көбіне сиыр, қой, ешкі сүтінен дайындайды. Жаңа сауылған сүтті таза етіп жуылған қой бүйеніне құйып, қайнап жатқан суға салып пісіреді. Кейде сүтке кішкене қант немес тұз сеуіп уыздың дәмін келтіреді. Бір үлкен қойдың бүйеніне 1,5 литрге дейін сүт сыяды. Уыз піскен кезде қатады, сондықтан бүйенмен бірге біркелкі кесіледі.
Тәтті уызды қалай дайындайды?
Тәтті уызды дайындағанда қазанға немесе шұңғыл ыдысқа сүтті құйып, қайнап жатқан судың ішіне салады. Сүт шеміршектеніп қатпай тұрып оған қант, мейіз қосады. Одан соң дайын болған уызды суыған соң ыдыстан аударып алады.
Уыздан тағы не жасайды?
Уыз сүтін соғымнан қалған сүйексіз сүр етпен бірге қайнатып, дайын болған асқа көрші-қолаңды шақырып, ата дәстүрмен уыз жеуге шақырады. Ал тым қою уызға кейде су қосып пісіреді. Сұйылтылған уызға кейде тары немесе күріш те салып қайнатады. Дән қосылған уыз өзінің құнарлылығымен, бірегей дәмімен ерекшеленеді.
Дереккөз: anabol.kz
Ж. Жұмағұлов