Массагеттен мәзір: Минестроне диеталық сорпасы

Массагеттен мәзір: Минестроне диеталық сорпасы
Фото: massaget.kz

Италия асханасы пиццасымен, теңдессіз бәліштерімен, айрықша балмұздағымен танымал. Сонымен қатар денсаулыққа пайдалы әрі жеңіл сіңірілетін сорпалары да әлем бойынша зор сұранысқа ие. Италиялықтар сорпаны minestra дейді. Ал қою сорпаны minestrone, жеңіл сорпаны minestrina деп атайды. Бұл сорпаға үйде бар көкөністің барлық түрін қосуға болады. Көкөніс түрі неғұрлым көп болса, сорпа соғұрлым дәмді болмақ.  Біз мына мәзір бойынша дайындадық.

Қажетті азық-түлік:
– сәбіз;
– пияз;
– сарымсақ;
– брокколи;
– балдыркөк (сельдерей);
– лимон;
– цукини не кәді;
– орамжапырақ;
– қияр;
– болгар бұрышы;
– жасыл бұршақ (қалбырдағы);
– картоп;
– қызанақ. 

Қосымша:
– саумалдық (шпинат);
– қояншөп (спаржа);
– ақжелкен (петрушка);
– аскөк (укроп). 

Сәбізді жұқа сопақша етіп тураймыз.

Пиязды сақина пішінді етіп жіңішкелеп тураймыз.

Сарымсақты жіңішке бөліктерге бөлеміз.

Брокколи орамжапырағын майда бөліктерге бөлеміз.

Балдыркөкті (сельдерей) ұзынынан ортасынан бөліп, оны жіңішкелеп тураймыз.

Барлығын турап дайындағанша, қазанға су құйып қайнатамыз.

Лимон сығындысы кез келген тағамға ерекше дәм қосады әрі жасанды дәмдеуіштерге (приправа) қарағанда әлдеқайда пайдалы.

Қайнап жатқан сорпаның үстіне туралған көкөністерді саламыз.

Кәдіні жіңішке ұзынша етіп тураймыз.

Орамжапырақты жіңішкелеп тураймыз.

Қиярды ұзынша жіңішке етіп тураймыз.

Болгар бұрышын жіңішке бөліктерге бөлеміз.

Қалбырдағы жасыл бұршақты суынан бөлек аламыз.

Туралған көкөністерді сорпаның үстіне саламыз.

Картопты жіңішке сопақша етіп тураймыз.

Тез пісетін болғандықтан картопты соңынан саламыз.

Тамаққа қызыл түс беру үшін ең соңынан майда төртбұрыш етіп туралған қызанақ қосамыз.

Минестроне диеталық сорпа болғандықтан тұз қосылмайды. Ал сіз тұз қосып әзірлеймін десеңіз, ерік өзіңізде.

Сорпа бетіне саумалдық (шпинат) қойып әсемдеуге болады. Ас болсын!

@. @assel_assanova