- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: "Баунти"...
Массагеттен мәзір: "Баунти" шоколады
Баунти сөзі ағылшынның "bounty" сөзінен аударғанда "жомарттық" дегенді білдіреді. Баунти шоколадының жарнамасы тек тропикалық аралдар фонында түсіріледі. Оның жарнамалық ұраны "Жұмақ дәмі" деп аталады. Ендеше, бүгінгі материалда кең тараған баунти шоколадын үй жағдайында дайындау жолын ұсынамыз.
Қажетті азық-түліктер:
– 200 гр кокос ұнтағы;
– қойылтылған сүт;
– 300 гр кірпіш шоколад.
Ыдысқа кокос ұнтағын саламыз.
Кокос ұнтағына шамамен 5 ас қасықтай қойылтылған сүт құйыңыз. Оның мөлшерін араластыру кезінде көбейтуіңіз мүмкін. Барлық қойылтылған сүт бірдей емес. Сондықтан әркімде түрлі мөлшерде болуы мүмкін.
Кокос ұнтағы мен қойылтылған сүтті жақсылап араластырамыз. Бастысы, біртекті күйге енуі керек.
Қандай да бір тқртбұрышты ыдысқа пергамент қағазын жайып, оған кокос қоспасын төртбұрышты етіп саламыз. Негізгі кокос қоспасынан қолмен құрт жасаған секілді пішіндер жасауға болады. Ыңғайына қарай таңдаңыз.
Шоколадтың ерекше болғанын қаласаңыз, суретте көрсетілгендей түрлі түсті кокос ұнтағын алсаңыз да болады. Ары қарай жоғарыда көрсетілген ретпен дайындайсыз.
Оны да ыдысқа төртбұрышты етіп саламыз. Содан соң ыдысты мұздатқышқа 30-40 минутқа салып қоямыз.
Мұздатқыштан шыққан кокос қоспасын кіші төртбұрыштарға бөліп, шоколад глазурін дайындағанша қайтадан мұздатқышқа сала тұрамыз.
Кірпіш шоколадты бөліктерге бөліп, тәрелкеге саламыз.
Шоколадты буда немесе микротолқынды пеште ерітеміз.
Әр кокос қоспасын шоколадқа айналдырып шығып, шанышқының көмегімен пергамент қағаз жайылған ыдысқа қоямыз.
Барлығына шоколад жағып болған соң мұздатқышқа 5 минутқа немесе тоңазытқышқа 20 минутқа саламыз.
Дүкендегіден де дәмді шығатын"Баунти" шоколады дайын! Астарыңыз дәмді болсын!
А. Жапатова