Ас үйдегі бактерия көп жиналатын жабдықтар

Ас үйдегі бактерия көп жиналатын жабдықтар
Фото: kitchenguide.su

Ең ұқыпты ас үй ханшайымы болсаңыз да, ас үйдегі сіз ойламаған кей заттар бактериялар ұясына айналады.

Тоңазытқыш суырмалары

АҚШ-тың микробиолог ғалымдары қарапайым тұрғындардың ас үйлерінен сынамалар алған. Сол кезде тоңазытқыш суырмалары бактериялар көп жиналатын тізімнің бастапқы орнына шыққан. Санитарлық қызметтер азық-түлік өндірістерінде «тауарлық көрші» талабын тексеріп тұрады. Біз үйімізде сол талапты сақтамаймыз. Мысалы, ет және сүт тағамдарын (қаптамасыз немесе дүкен қаптамасында) бір суырмада сақтауға болмайды. Ет тағамдарын әрқашан контейнерге салу керек. Ет және балық тағамдарына бір суырма арнап қойған жөн. Тоңазытқыштағы кез келген дақты бірден жуып тастау керек. Айына немесе екі аптада бір рет тоңазытқыштан барлығын алып, тоңазытқыш суырмаларын сабынды сумен жуып, құрғатып сүртіп алған дұрыс.

Сорғыштар мен ысқыштар

Зерттелген ыдыс жууға арналған сорғыштардың (губка) 75 пайызынан ішек таяқшасы бар болып шыққан.  Оның себебі ас үй ханшайымдары сорғышқа дезинфекция жасамайды және әр ыдыс жуып болған соң сорғышты толықтай шаймайды. Сорғыш сабынды болғандықтан, оған бактерия жиналмайды деген қате пікір бар. Бактериялар сұйық және қатты сабында да тарай береді. Сондықтан әрбір екі апта сайын ыдыс жууға арналған сорғышты жаңасына ауыстырып тұрыңыз.

Консерві пышақтары

Адамдардың көпшілігі консерві пышақтарына аса мән бере қоймайды. Консерві пышақтарын әр қолданған сайын сабындап, ыстық сумен жуып алу керек.

Блендер

Тазартылған блендер болса да оның пышақ астындағы резеңке төсемінде және қақпақ тығыздауышында тағам қалдықтары қалып қояды. Сондықтан блендерге 1 стақан ыстық су құйып, оған бір тамшы жууға арналған сұйықтық тамызып, блендерді айналдырыңыз.

Ыдыс-аяқ жуатын шұңғылша

Ыдыс-аяқ жуатын шұңғылшаны ылғал дәкемен сүрту жеткіліксіз. Оны әр ыдыс жуған соң сабынды қосындымен жуып, аптасына бір рет дезинфекция жасау керек.

А. Жапатова