Керамикалық пышақтар

Керамикалық пышақтар
Фото: wallpapers.com

Қазіргі таңда көптеген асүйден металл пышақтармен қоса, керамикалық пышақтар да табылып жүр. Сыртқы пішіндері әдемі бұл пышақ сақтықты қажет етеді. Оның қарапайым пышақтан қандай айырмашылығы бар екен?

Керамикалық пышақ неден жасалады?

Нағыз керамикалық пышақ бір ғана материалдан, бір ғана техникалық процеспен жасалады. Қарапайым пышақтардан айырмашылығы – сапасында ғана.

Аспаз үйінің бұл құралы цирконий оксиді арқылы жасалады. Көпшілікке бұл пышақ керамикалық және металлокерамикалық жүзімен таныс. Тіпті, цирконий оксидінің көмегімен ғарыш кемелері саптамаларының ішкі қабатын жасайды екен. Егер сіздің асүйіңізде кераимкалық пышақ болса, ғарыш кемесіне бармай қалған бөлшек бар деп түсініңіз.

Керамикалық пышақтар ақ және қара түсті болуы мүмкін. Қара түстілері цирконий карбидінен жасалады, ал ағы сәйкесінше цирконий оксидінен, анығырақ «алмаздың бауырынан» (қытайлықтар осылай атайтын көрінеді) – цирконий диоксидінен (ZrO2) жасалады.

Цирконий керамикасын өзге заттардан оның ыстыққа төзімділігінен, қаттылығынан ажырата алады. Оның беріктігі күнделікті тұрмыста кездестіріп жүрген темір атаулыдан он есе артық екен. Сонымен қатар, цирконий оксиді көптеген қышқылмен, сілтілермен және өзге де белсенді заттармен әрекеттеспейді.

Керамикалық пышақтар қалай жасалады?

Мұндай пышақ жүзінің жасалуы қиын әрі тым ұзақ. Цирконий элементінің карбиді немесе оксиді шикізат күйінде негізінде Аустралия кен орнынан алынып, тазаланады. Кейін 300 тонналық салмақпен бос тілімшелерге сығымдайды. Мұның бәрі өткір жүз дайындау үшін жасалып жатыр. Дайын болған тілімшелерді қалыптарда 1 600 °C-та екі тәулік ұстайды.

Нәтижесінде ірі-ірі кристал пайда болады, олар тілімденіп, одан кейін ұсақталып, майда кристалдарға айналып, біртектес зат пайда болады. Пышақтың жүзін дайындаған соң, сабын жасайды. Кейін пышақтың жүзін қайрау станогымен қайрайды.

Керамикалық пышақтың мүмкіндігі мен кемшіліктері

Керамикалық пышақтың артықшылығы көп. Айта кетсек,

- олар берік келеді, сол үшін жақсы кеседі;
- біразға дейін өткірлігін сақтайды;
- жүзінде сызат қалмайды;
- таттанбайды;
- металл пышақтарға қарағанда тез тазаланады;
- жеңіл болады;
- кесілген тағамда өзге дәм қалдырмайды.

Кемшіліктері де жоқ емес. Мәселен:

- қайрау үшін өзінің жеке қайрағы қажет. Қарапайым қайрақпен жүзін қайрай алмайсыз;
- зауытта қайралған керамикалық пышақтың өткірлігі металлдан жасалған пышаққа қарағанда нашарлау;
- ыдыс жуғыш машинада сақтықпен жуылуы тиіс;
- соққыларға әлсіз келеді: керамиканың, шынының немесе тас тектес тақтайлардың бетінде сынып кетуі мүмкін, мұз болып қатып қалған еттерді турағанда сақ болған дұрыс;
- шытынап тұрған жерінен тез сынып кетеді.

Г. Берік