Массагеттен мәзір: Көк сорпа (окрошка)

Массагеттен мәзір: Көк сорпа (окрошка)
Фото: massaget.kz

Көк сорпа (окрошка) — жаз мезгілі үшін ең пайдалы тағамның бірі. Біріншіден, ол салқын сорпа болғандықтан, ыстық күндері шөліңізді басады. Екіншіден, оны дайындау кезінде қайнатуды қажет етпейтіндіктен, көкөністердегі дәрумендер қасиетін жоғалтпайды. Көк сорпаны квас, айран, газдалған су, йогурт және қышқыл сүт негізінде дайындайды. Бүгінгі материалда көк сорпаны айранмен дайындаудың жолын ұсынамыз.

Қажетті азық-түліктер: 

– 250-300 гр ет (кез келген);
– 2-3 картоп;
– 2 жұмыртқа;
– 2-3 қияр;
– 3-4 шалғам (редиска);
– аскөк;
– 500 мл айран;
– 500 мл газдалған су.

Алдымен картоп, жұмыртқа және етті пісіріп, дайындап қойыңыз. 

Піскен картоптың қабығын ашып, тазартып аламыз.

Картопты ұсақ төртбұрышты етіп тураймыз.

Туралған картопты ыдысқа саламыз.

Біз тауық етін алдық. Піскен тауық етін ұсақтап тураймыз.

Туралған тауық етін ыдысқа саламыз.

Жұмыртқаның қабығын ашып, тазартамыз.

Жұмыртқаның біреуін төртбұрышты етіп тураймыз.

Жұмыртқаның екіншісін үккіштің ұсақ көзінен өткіземіз.

Туралған және үккіштен өткізілген жұмыртқаны да ыдысқа саламыз.

Қиярды жуып аламыз.

Қиярдың біреуін төртбұрышты етіп тураймыз.

Қиярдың қалған екеуін үккіштің ұсақ көзінен өткіземіз.

Туралған және үккіштен өткізілген қиярды ыдысқа саламыз.

Шалғамды суретте көрсетілгендей өте жіңішке етіп турау керек. Оны ұзынша етіп тураса да болады.

Шалғамды ыдысқа саламыз.

Аскөкті ұсақтап тураймыз.

Аскөкті де ыдысқа саламыз.

Ыдыстағы барлық ингредиентті жақсылап араластырамыз. Аздап тұз қоссаңыз болады, алайда ащы болып кетпеуін қадағалаңыз. Біз тұз қосқан жоқпыз.

Қазанға (немесе кез келген шұңғыл ыдыс) айранды және газдалған суды құйып араластырамыз. Біз қажетті азық-түлік тізімінде 500 мл газдалған су деп көрсеттік. Егер газдалған суды аса ұнатпасаңыз, газдалған суды азайтып, орнына қарапайым су құйсаңыз да болады. 

Тәрелкеге қоспаны саламыз.

Одан соң оның үстіне айран қоспасын құямыз. Осылай салынды мен айран қоспасын бөлек ыдыстарда ұстауға немесе екеуін бір қазанға араластырып жіберуге болады. Ештеңе өзгермейді, өзіңізге ыңғайлы жолын таңдаңыз. 

Көк сорпа дайын! Астарыңыз дәмді болсын!

А. Жапатова