- Негізгі бет
- Аспаздық
- Әлемдегі ең шайқор...
Әлемдегі ең шайқор мемлекеттер
Euromonitor International жүргізген зерттеулерге сәйкес әлемдегі ең көп шай ішетін елдердің көшін Өзбекстан бастап тұр.
Басылымның жазуынша, Өзбекстан тұрғындарының өте-мөте басым бөлігі шай ішкенді жақсы көреді екен. Зерттеу өзбек халқының 99,6 пайызы шайсыз жүре алмайтынын көрсетіп отыр. Ал екі Американың қиылысындағы Гватемала мемлекеті жұртының 99,6 пайызы керісінше кофені қалайтын болып шықты. Әлемдік зерттеу ұйымы мұны жер жүзінде «Сіз шайды қалайсыз ба, кофені жөн санайсыз ба?» деген сауалнама жүргізу арқылы анықтаған.
Осы сұрау салудың қорытындысында шайқор елдер де, кофеқұмар халықтар да анықталып шыға келген. Айталық, шай ішкіштердің тізімін Өзбекстан бастаса, одан кейінгі қатарларды Кения (99,2%), Әзербайжан (99,1%), Пәкістан (99%), Қытай (98,9%) және Мысыр (98,5%) елдері алады. Ал кофе ішетіндердің көшінде Гватемаладан кейін Доминикан Республикасы (99%), Бразилия, Эквадор (97,4%), Грекия (96,8%) және Дания (92,2%) тұр.
Қазақстан бұл екі тізімнің де қатарында жоқ. Бізге қарағанда, Ұлыбритания мен Ресейде шайды жақсы көретіндер саны әлдеқайда көп. Бұлардың алдыңғысында шайқұмарлар 78,4% болса, келесісінде 77,5% деңгейінде. Ал Эстония мен Польшада кофе мен шайдың ара салмағы бір-біріне өте жақын. Бұларда тиісінше олар 49% және 51% құрайды.
Дереккөз: egemen.kz
С. Ерсін