Массагеттен мәзір: Сэндвич-торт

Массагеттен мәзір: Сэндвич-торт
Фото: massaget.kz

Ертең 7 мамыр  Отан қорғаушылар күні! Ел тұтқасын ұстар ер азаматтарды мерейлі мерекемен құттықтаймыз! Жігіттерге  өз қолымызбен сыйлық жасау үшін бір идея ұсынбақпыз. Ер адамдардың көпшілігі тәтті тағамды аса ұнатпайды, сондықтан бүгінгі материалымызда тойымды әрі ерекше сэндвич-торт жасау жолын көрсетеміз. 

Қажетті азық-түлік:

- Дөңгелек нан;
- 150 гр қаймақ;
- балқытылған ірімшік (сыр);
- 2 қияр;
- 2 қызанақ;
- 100 гр қызыл балық (ет, шұжық);
- Тұз, қара бұрыш.

Ыдысқа балқытылған ірімшікті құямыз.

Ірімшіктің үстіне қаймақ саламыз.

Бір шымшым тұз бен қара бұрыш салып, барлығын жақсылап араластырамыз. Тортқа арналған крем дайын. 

Нанның пішіні дөңгелек болғаны жақсы. Екі кіші нан немесе бір үлкен нан алсаңыз болады. 

Нанды бірдей көлемде бірнеше бөлікке бөлеміз. Тортқа қатты жерін пайдаланбаған жөн. 

Балғын немесе тұздалған қияр алсаңыз болады. Қиярды дөңгелек етіп тураймыз. 

Балықты жіңішкелеп тураймыз.

Барлық ингредиенттерді дайындап болған соң, тортты дайындауға кірісеміз. Нанның бір бөлігін тәрелкеге саламыз. 

Нанның үстіне крем жағамыз. 

Содан соң оның үстіне қиярды қоямыз. 

Үстіне келесі нан бөлігін қоярда оған да крем жағыңыз.

Екінші нан бөлігіне де крем жағып, оның үстіне балықты қойып, үстіне крем жағамыз. 

Үшінші нан бөлігін қоямыз.

Тортқа тұтастай крем жағамыз.

Торттың бетін қызанақпен және ақжелкенмен безендіреміз. Содан соң оны тоңазытқышқа 20-30 минуттай ұстаймыз. 

Сэндвич-торт дайын! Астарыңыз дәмді болсын!

А. Жапатова