- Негізгі бет
- Аспаздық
- Массагеттен мәзір: Наурыз...
Массагеттен мәзір: Наурыз көже
Наурыз көже − қазақтың ең сүйікті тағамдарынан әзірленетін арқау ас. Халқымыз жеті санын аса қадір тұтатындықтан сүйікті тамағына да басты жеті ас қосуды жөн санайды. Негізгі жеті тағамға ет, сүт, құрт, тұз, су, арпа, басқа да дәнді-дақылдардың бірі жатады дегенімізбен, міндеттелген мәзірі жоқ. Тек ағарған − адалдықтың белгісі, су − тазалықтың белгісі, ет − молшылықтың белгісі деген секілді наным-сенімдрі бар. Әркім талғамы мен жағдайына байланысты қолда барын қосады.
Наурыз көжені Маңғыстау жұртының көпшілігі әзірлейтін әдіспен таныс болыңыздар.
Қажетті азық-түлік:
- 400 гр ет;
- 100 гр арпа;
- 100 гр күріш;
- 100 гр мәш;
- 100 гр бадана (фасоль);
- өсімдік майы;
- су;
- тұз;
- 3 картоп;
- 1-2 сәбіз;
- 1-2 болгар бұрышы;
- 3-4 тал сарымсақ.
Етті жақсылап жуып, орташа көлемде тураймыз.
3-4 тал сарымсақты қалағаныңызша бөліктерге бөліңіз.
Сәбізді майда төртбұрыш етіп тураймыз.
Бадананы (Фасоль) алдын ала суға салып қоямыз.
Мәшті жуып, дайындап қоямыз. Бұл дақыл көпшілікке аса таныс емес. Маңғыстауда "мәш", Шымкентте "маш" дейді. Қаладағы супермаркетерден, дүкендерден оңай табылмайды. Базарға арнайы іздеп барсаңыз, өкінбейсіз. Дәмі тіл үйіреді.
Арпаны жуамыз.
Күрішті жуамыз.
Қызыл және жасыл болгар бұрышын майдалап тураймыз.
Картопты ірі бөліктерге бөлсек болады.
Өсімдік майын қыздырып, етті қуырамыз. Асығыс болсаңыз етті майдалап тураңыз. Ет жұп-жұмсақ боп пісуі тамақтың дәмін кіргізеді.
1 сағат шамасында қуырылған ет үстіне сәбіз саламыз.
Сәбіз пісуге жақындады-ау деген уақытта дәнді-дақылдарды кезегімен саламыз. Бірінші − мәш.
Одан кейін суда жібіп тұрған бадананы саламыз.
Арпа (перловка) саламыз.
Жуылып, тазаланып тұрған күріш қосамыз.
Туралған болгар бұрышын салып, тұз қосамыз. Қалауыңызша ұнтақталған қара бұрыш қоссаңыз да болады. Ал дәмдеуіштерді қоспай-ақ қойған абзал.
Үстіне су құямыз. Дәнді-дақылдар суды тез сорып алатынын ескеріп әрі жыл бойы молшылық болуын қаласаңыз, суды қазанның бетіне дейін өте мол құйыңыз. Соған орай тұзын да көбірек салуға тура келеді.
40-50 минут өтіп, дәнді-дақылдар жұмсара бастағанда картоп саламыз. 15-20 минут өткен соң отты өшіруге болады.
Наурыз көжеміз дайын! Қалауыңызға қарай айран, құрт қосам десеңіз ерік өзіңізде!
Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын!
@. @assel_assanova