- Негізгі бет
- Аспаздық
- Перғауын ұсынған диета...
Перғауын ұсынған диета
Каир елді мекенінде, Сфинкстен оңтүстікке қарай 400 метрде бір ерекше қала орналасқан. Оны әдетте «Пирамида тұрғызушылар қаласы» немесе арабша «Хейт-аль-Гураб» деп атайды. Оған 4,5 мың жыл болған. Пирамиданың құпиясына қызыққан ғалымдар оны зерттеп, қаланың қандай артықшылығы бар екенін анықтауға тырысты.
Мысыр пирамидаларын құлдар емес, жалдамалы жұмысшылар тұрғызған. Ғалымдар оны ондаған жылдар бойы зерттеп келеді. Олар бірінші кезекте құрылысшылардың жұмысының сапасына назар аударған. Ал сапалы жұмыс істеулері күшті тағамдар жеуімен байланысты болса керек. Елді мекеннің оңтүстік бөлігінде жануарларға арналған қораның орны, төрт түлік мал мен жануарлардың сүйегі табылған. Сенесіз бе, сенбейсіз бе білмеймін. Бірақ жалдамалы жұмысшылар күніне 2 тонна ет жеген. Ол қойдың, қозының еті.
Жалдамалы жұмысшылар калориясы көп тағамдар жеп қана қоймай, медициналық тексеруден өткен. Осыдан-ақ олардың еңбегі жоғары бағаланғандығын көруге болады.
Микерин пирамидасын жыл сайын бір топ құрылысшы салған. Яғни құрылысшылар тобының құрамы өзгермеген. Олар тастарды өңдеп, құрылысқа қажет заттарды дайындаған. Тек шілде айында жұмыс қарқыны күшейген кезде қосымша жұмысшылар алып отырған. Ол қосымша жұмыскерлердің саны 10 000-ға дейін жеткен. Олар тек блоктарды тасыды.
Алып ғимаратты салу үшін қанша құрылысшының керек екенін айту артық болар. Құрылысшылар белсенді жұмыс істеулері үшін күніне 45-50 г ақуыз тұтынған. Мұның тең жартысы балық етінен, баданадан, жасымықтан алынған. Қалған бөлігі қой етіне, қозы мен сиыр етіне тиесілі. Сиыр сауып, оның сүтін тасымалдайтын көліктер болмағандықтан, сүт, ірімшік сынды тағамдарды мүлдем жемеген.
Осы күнге дейін аталған елді мекеннен шамамен 25 000 қой, 8 000 сиыр, 1 000 шошқаның сүйегі табылған. Жалдамалы жұмысшылар күніне 11 өгіздің, 37 қой мен қозының етін жеген. Мұнымен қатар, нан мен көкөніс жеп, сыра ішкен.
Қ. Бүйенбай