Ерітілген ірімшіктердің пайдасы мен зияны

Ерітілген ірімшіктердің пайдасы мен зияны

Ерітілген ірімшік Бірінші Дүниежүзілік Соғысқа дейін Швейцария елінде пайда болған. Бұл ірімшік түрін көбі ұнатады, алайда ол туралы аса көп біле бермейді.

Ерітілген ірімшіктер сүт өнімдерінің бірі болғандықтан, оның құрамында амин қышқылдары, дәрумендер, кальций мен аққуыз кездеседі. Өндірген кезде ірімшікке құрғақ сүт, май, кілегей қосады. Сондай-ақ, ірімшік қатайып қалмас үшін, аталған тағамдармен бірге оған еріткіш тұздар қосады.

Кәдімгі қатты ірімшіктерге қарағанда, ерітілген ірімшіктердің құрамында холестерин аз әрі ол ағзаға тез сіңеді. Бұл ірімшіктер тырнақ, шаш, сүйектің мықты болуына ықпал етеді. А, Д, Е дәрумендеріне бай ірімшіктер ас қорыту мен қан айналым жүйесі жұмысына оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ, ерітілен ірімшіктер ауыз қуысында жағымсыз иістің болмауына жол береді. Қатты ірімшектерге қарағанда ерітілген ірімшіктер көп уақытқа дейін дәмін жоғалтып, бұзылмайды.


Артық тұстарымен қатар, ерітілген ірімшіктердің кем-кетіктері де бар. Ерітілген ірімшіктерге өндірушілер мөлшерден тыс натрий қосады. Өз кезегінде ол қан қысымы төмен я жоғары, жүрек пен бұлшықет ауруларына шалдыққан жандарға өте қауіпті. Ерітілген ірімшік құрамындағы еріткіш тұздар тері аурулары мен аллергияның пайда болуына жол ашады.

Диетолог мамандар асқазан ауруларына шалдыққан жандарға ерітілген ірімшіктерді мүлдем пайдаланбауға кеңес береді. Сондай-ақ, ерітілген ірімшік семіздікке жол береді екен. Сондықтан да артық салмақ қоспас үшін оны қажетті мөлшерден тыс пайдаланбағаны абзал. Ерітілген ірімшікті кішкентай балалар, жасөспірімдер және аяғы ауыр келіншектердің ас мәзіріне қоспағаны жөн.

Ерітілген ірімшік сатып алмас бұрын, біріншіден, оның бағасына қарап алыңыз. Себебі, сапалы ірімшіктер ешуақытта арзан бағамен сатылмайды. Арзан бағамен сатылып жатқан ерітілген ірімшіктердің сапасы нашар немесе оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Екіншіден, ерітілген ірімшіктің құрамына назар аударып, мұқият оқып шығыңыз. Егер оның құрамында өсімдік майлары кездессе, бұл өнімнің сапасы өте нашар әрі еш талаптарға сай келмейді.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: season.kz, vkusnoe.info

Ғ. Ұзақ