- Негізгі бет
- Аспаздық
- Ас үй ханшайымдарына...
Ас үй ханшайымдарына кеңес #1
Әйелдер үшін ас үй бөлмесі – ең көп уақыт өткізетін мекен. Жақындарымызға дәмді тағам жасау үшін ең алдымен ас үй құпияларын біліп алғанымыз дұрыс. Мұны білсек, біздің нағыз ас үй ханшайымдарына айналарымыз сөзсіз. Ендеше, бірге үйренейік!
Көкөністі қалай дұрыс пісіру керек? Көкөністі суда дұрыс қайнату үшін ыдыс қақпағының қара түсті болғаны және оның ыдыс бетіне дәл келгені жөн. Әйтпесе су қайнаған кезде буы үлкен қақпақтан су болып отқа тамшылауы мүмкін. Су қайнап жатқан кезде оны тесуге не шанышқымен шаншуға болмайды. Көкөніс піскен соң оны қайнаған судан бірден шығарып алу керек. Көкөніс қайнап жатқан суға лимон сығындысын аздап тамызып жіберген де дұрыс.
Балды қалай дұрыс таңдау керек? Табиғи балды қоспа қосылған жасанды балдан ажырату үшін қолыңызға бір таяқша алып, балды араластырып көріңіз. Егер араласпай, айналмай тұрса, демек оның нағыз бал болмағаны. Онымен қоса балды саусаққа жағып көріңіз. Біраз уақыттан соң саусағыңыз бір-біріне жабыса бастаса, демек балға қант қосылғаны. Нағыз балдың бір тамшысы саусақ ұшында жайылып кетпеуі керек.
Бадам жаңғағының жұқа қабығын қалай дұрыс ашу керек? Ол үшін жаңғақтарды терең ыдысқа салып, үстіне қайнаған ыстық суды құю керек. Он минут өткен соң мұздай сумен жуады. Мұздай судан соң бадам жаңғақтарының сырты өздігінен ашыла бастайды.
Тоңазытқышта қандай тағамдарды сақтау керек? Тоңазытқыш сізге жай ғана сөре емес. Оған кез келген өнімді сала беруге болмайды. Әсіресе жылы және ыстық тағамдарды салушы болмаңыз. Тоңазытқышта көкөністер мен жемістерді бөлек сақтаңыз. Шикі еттерді арнайы пакетке немесе тәрелкеге салып қойыңыз. Тоңазытқыштың жоғарғы қабатына сүт, сыр, қаймақ, жұмыртқа, сүзбе секілді өнімдерді қойыңыз. Тек ең жоғарғы қабаты ауа айналымы үшін маңызды рөл атқарады. Сондықтан ең жоғарғы қабатты толтырып қоймауды есте ұстаңыз. Екінші қабатына тамақ қалдықтары мен еттен жасалған түрлі тағамды қойған жөн. Ал үшінші қабатты шикі өнімдермен толтырыңыз. Соңғы екі сөреге көкөністер мен жемістерді бөліп салыңыз. Есігіндегі сөреге сусындар мен банкілерді салуға болады. Тоңазытқышта ешқашан бананды, картопты және сарымсақты сақтаушы болмаңыз!
Сурет: narod.ru
А. Әбілхан