Массагеттен мәзір: "Мампар"

Массагеттен мәзір: "Мампар"

Бізде бұл асты «мампар» дейді. Естуімше, еліміздің өзге жерлерінде «өтірік манты», «жалқау манты», «анклбенс», «дамские пальчики» сынды атайды екен. Сонымен мампардың біздіңше жасалуына тоқталайын.

Қажет азық-түліктер:

- 500 грамм ет (қой, сиыр, жылқы, тауық еті);
- 1 келі картоп;
- 2 сәбіз;
-2  пияз;
- өсімдік майы;
- 3 жайымға жететін ұн;
- тұз, дәмдеуіштер.

Негізінде сәйін әркім әртүрлі жасауына болады. Мысалы, үйде қырыққабат, асқабақ сынды т.б. көкөністер болса, оларды да қосуға болады. Яғни, сәйін көңіл қошыңызға, үйдегі дәл сол уақытта бар көкөністерге байланысты жасай бересіз.

Мен дәл осы күні үйде бар көкөністермен жасадым.

1. Алдымен, етті майдалап турап, тұзын, дәмдеуіштерін қосып, өсімдік майына қуырамыз.

2. Етіміз жақсылап қуырылды дегенде, пиязын саламыз.

3. Ендігі кезекте майдалап туралған сәбізді саламыз.

4. Баяу отқа қойылған қазандағы асымыз қуырылып жатқанда, тұзды суға иленіп, иі қанып тұрған қамырымызды жұқалап жаямыз. Жайып болған соң, өсімдік майымен майлаймыз.

5. Жайылып, майланып дайын болған жұқа қамырымызды дәл мантының қамырындай төртбұрыштап кесіп, майланбаған жағы майлану үшін қабаттап қоямыз.

6. Әбден қуырылған қазандағы сәйімізге майдалап туралған картобымызды салып, кішкене қуырамыз. Картоп бататындай су құйып, тұзын көріп, отты сәл көтеріп қоямыз.

7. Екі жағы да майланған қамырларды мантықазанның табақтарына «жайластырамыз». Қазанымыз қайнағанда қамырлар салынған табақтарын үстіне қойып, отын сәл баяулатып, 40-45 минутқа қақпағын бу шықпайтындай мұқият жауып қоямыз. Белгіленген уақыт аралығында суы тартылған сәйіміз де, қамырымыз да піседі.

8. Піскен асымыздың алдымен ас табақтың шетін жағалай қамырын, дәл ортасына қазанында піскен сәйін саламыз. Осылайша асымыз дайын болады. Әркім өз алдына қойылған тәрелкеге қамырын алып, оған сәйінен салып, орап жейді. Ас болсын!

Ас үйде болған: Мақпал Сембай

Сурет: ©Мақпал Сембай

Қ. Бүйенбай